
Алматы облысының Жамбыл ауданында суармалы жерлердің көлемі ұлғайып келеді. Кәсіптің көзін тапқандар бұрын мал жайылып, түгін шығарған жерлерден қазір тонналап өнім ала бастады. Ол үшін шаруалар өзен-көлі жоқ қудаладан құдық қазып, су үнемдеу технологияларын қолдануда. Бүгін Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев осындай тықыр жерді табыс көзіне айналдырған бірнеше шаруа қожалықтарды аралап көрді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда Жамбыл ауданының шаруалары жайылымдық жерді егін алқабына айналдыру ісіне білек сыбана кірісіп кетті. Ол үшін жаппай су үнемдеу технологиясын енгізуді қолға алған. Ауданда 22 мың гектар егістік жер болса, соның тең жартысына тамшылатып, жаңбырлатып суару сияқты соны технологиялар енгізілген. Биыл бос жатқан тағы 1500 гектар аумақ егіс алқабына айналады деп жоспарлануда. Бұл заманауи құрылғыны орнату үшін мемлекеттен 80 пайыз субсидия бөлінеді.
Аймақ басшысы алдымен Жайсаң ауылындағы «Генефонд» серіктестігіне барды. Бұл шаруашылық 800 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясын орнатқан. Осылайша 300 гектарына жүгері, 500 гектарына жоңышқа егіпті. Заманауи құрылғылар өнім көлемін арттыруға зор ықпал еткен. Мысалы, бұрын 5000 тонна жоңышқа жиналса, қазір 10 мың тоннаға көбейген. Яғни екі есе өсім. Сондай-ақ шаруашылық дизель отынын жеңілдетілген бағада алады. Алқапта 3 жаңбырлатып суару құрылғысы және 2 барабанды қондырғы жұмыс істейді. 5 сорғы станциясы мен 2 ұңғыма орнатылған. Электр желісімен қамтамасыз ету үшін қуаттылығы 400 кВт болатын трансформатор іске қосылған. Сонымен қатар көлемі 16 мың текше метр болатын су қоймасы да бар. Шаруашылық 10 трактор, 3 комбайн, 4 жүк машинасы және өзге де қажетті техникамен жабдықталған. Қазіргі уақытта мұнда 800 бас сиырға арналған сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Биыл қыркүйек-қазан айларында толық іске қосылады.
Облыс әкімі табан тіреген келесі нысан – Ақсеңгір ауылдық округіне қарасты «Берекелі ет» шаруа қожалығы. Кәсіп иелері былтыр 200 гектар жерге су үнемдеу технологиясын қосқан. Соның нәтижесінде әр гектарына жүгеріден 70, бидайдан 4, арпадан 2,5 тонна өнім жинапты. Биыл 1000 гектар аумақтың бәріне тамшылатып суару әдісін қолданып, тиімді құрылғыларды орнатты. Ол үшін 6 құдық қазылып, 4 бассейн салынған. Егін алқабында 2 трактор, 2 жүк тиегіш, 3 комбайн жұмыс істеп тұр. Алынған өнім «Бауырлар» шаруа қожалығында мал азығы ретінде пайдаланылады. Ал бұл мал бордақылау фермасы 2022 жылы жұмысын бастаған. Әуелде 200 ірі қарадан басталған кәсіптің ауқымы кеңейіп келеді. Қазір мұнда 2000-нан астам ірі қара бордақылануда.
Марат Елеусізұлы жайылымдық жерді суармалы алқапқа айналдыру тәсілі ауыл шаруашылығын дамытудың тиімді жолы екенін атап өтті. Тіпті су үнемдеу технологиясын енгізу жұмысы жүйелі түрде жалғасын табуы тиіс деп тапсырма берді. Бұл өңірдің аграрлық әлеуетін күшейтіп, жалпы экономикалық дамуына оң әсер етеді.