«Таза Қазақстан» акциясы Алматы облысында тұрғындарды біріктіруде

«Таза Қазақстан» акциясы Алматы облысында тұрғындарды біріктіруде

Алматы облысында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Бұл бастама елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға, жасыл желектерді көбейтуге және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Өңірдің барлық аудандарында тұрғындар сенбіліктерге, ағаш отырғызуға және қоғамдық аумақтарды абаттандыруға белсене қатысуда.

Оның айқын мысалдарының бірі – Еңбекшіқазақ ауданы. Мұнда акция әртүрлі буын өкілдерін біріктірді. Алмалы ауылындағы И. Шорманов атындағы орта мектепте «Жасыл мекен – жасыл болашақ» атты экологиялық іс-шара өтіп, педагогтар, оқушылар және жергілікті тұрғындар бірлесе көшеттер отырғызып, аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Оқушылар да экологиялық акцияға жоғары жауапкершілікпен қатысып, өз үйлері мен көшелерін көгалдандыруға үлес қосуға ниетті екенін жеткізді. Олардың пікірінше, қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуы тиіс.

Кеген ауданында да Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Аудан тұрғындары үшін бұл бастама тек сенбіліктер өткізумен шектелмей, елді мекендерді, қоғамдық орындарды және туристік бағыттарды абаттандыруға бағытталған ауқымды жұмыстарға ұласты.

Экологиялық науқан аясында ауыл тұрғындары, әкімдік қызметкерлері, ұйымдар мен кәсіпорын өкілдері, сондай-ақ қоғамдық ұйым мүшелері көшелерді, аулаларды және әкімшілік ғимараттарға іргелес аумақтарды санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуде. «Киелі мекен» апталығы барысында тарихи-мәдени ескерткіштердің аумақтарын абаттандыру шаралары ұйымдастырылды. Сонымен қатар, «Жасыл аймақ» бағдарламасы аясында биылғы 15 сәуірде 40 түп шырша көшеті отырғызылды. Бұған дейін 150 жас терек, 40 алма ағашы, 20 алмұрт және 150 қайың егілген болатын.

Саты ауылы әкімінің орынбасары Олжас Қырғызжанұлының айтуынша, 4 мамырға дейін «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында ардагерлердің аулаларын абаттандыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Ал «Мөлдір бұлақ» акциясы шеңберінде су айдындары мен жағалауларды қоқыстан тазарту көзделген. Соңғы апталарда ауыл маңынан бірнеше тонна қоқыс шығарылды.

Игі бастама Іле ауданында да жалғасын тапты. Мұнда елді мекендерді абаттандыру мақсатында кезекті ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен белсенді азаматтар қатысты.

Сенбілік барысында Өтеген батыр ауылындағы орталық стадион аумағы, Ажимуратов және Титов көшелері, сондай-ақ №13 орта мектеп маңы тазартылды. Қатысушылар қоқыстарды жинап, стадиондағы орындықтарды сырлап, көгалдарды ретке келтірді.

Іле ауданы әкімінің орынбасары Аскар Садыковтың айтуынша, стадионды абаттандыру жұмыстары демеушілердің қолдауымен жүргізілуде және жалғасын табады. Сонымен қатар, Байсерке ауылындағы «Даму» логистикалық орталығында да 500-ге жуық адам қатысқан ірі сенбілік өтті. Мұнда ағаш отырғызу, аумақты тазалау және әктеу жұмыстары жүргізілді.

Қарасай ауданында да «Таза Қазақстан» акциясына діни қызметкерлер белсене атсалысуда. «Түркістан» мешіті аумағында көгалдандыру жұмыстары ұйымдастырылып, жиырмадан астам ағаш отырғызылды. Іс-шараға ауданның бас имамы мен теолог мамандар қатысты.

Бас имамның айтуынша, әр азамат өз үйі мен айналасын таза ұстауға жауапты, ал мұндай шаралар жас ұрпаққа үлгі болуға тиіс. Сонымен қатар, ол аудан тұрғындарын тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырды.

Облыс орталығы Қонаев қаласында да ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Биылғы маусымда қала аумағында шамамен бес мыңға жуық ағаш отырғызылды. Жаңа көшеттер көшелер бойына, тұрғын үй аулаларына және бос жатқан аумақтарға егілді.

Сенбіліктерге тұрғындардың белсенді қатысуы қаланың келбетін жақсартып қана қоймай, экологиялық мәдениетті де қалыптастырады. Қала тұрғындары қоршаған ортаның тазалығы өз еңбегінің нәтижесі екенін түсіне бастаған.

Осылайша, «Таза Қазақстан» акциясы қоғамды ортақ мақсат – жайлы, таза және экологиялық қолайлы ортаны қалыптастыру төңірегіне біріктіретін тиімді тетікке айналды. Аталған бағыттағы жұмыстар Алматы облысының барлық аудандарында кеңінен жүргізіліп, ұқсас іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.