
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев оңалту орталығындағы ерекше балалардың тұсауын кесті. Бүлдіршіндер Талғар ауданындағы «Ақжол-М» орталығында ем қабылдайды. Олар өмірге деген құштарлығы мен табандылығының арқасында, тиімді ем шараларының нәтижесінде алғашқы қадамдарын жасап, өмірдің жаңа кезеңіне аяқ басты, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Шараға мемлекет және қоғам қайраткері Болат Жәмішев, «Қазақстан халқына» қорының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева және өзге де қоғамдық қор өкілдері қатысып, бүлдіршіндер қадамының нық болуын тіледі. Сондай-ақ тілашар дәстүрінің куәсі болып, балалардың өнерін тамашалады.
Аймақ басшысы өз сөзінде бұл кездесудің жөні де, мәні де бөлек екенін атап өтті.
«Бүгінгі тілашар – ұзақ уақыт бойғы қажырлы еңбектің жемісі. Бабалардың шешендік қасиеті балаларымыздың бойына дарып, келешекте елінің мақтанышына айналатын қадірлі азамат болуын тілеймін. Тұсаукесер рәсімі – бала қадамының оң болуын тілеп, жолының ашық болуына ниет ететін маңызды жоралғы.
Орталық жәрдем сұрап келген әр баланың өміріне сенім ұялатып, үміт отын жағуда. Алдағы жоспарларында қызмет сапасын бұдан да жоғары деңгейге көтеру міндеттері тұр. Біз өз тарапымыздан осы бағыттағы кез келген игі бастаманы әрдайым қолдауға дайынбыз», – деген аймақ басшысы орталық мамандарына ризашылығын білдіріп, тәрбиеленушілерге ізгі тілегін арнады.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар орталықта дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Қазіргі таңда 275 балаға көмек көрсетілуде. 2014 жылдан бері мұнда 1000-нан астам бала тегін ем қабылдаған.
Өмір жолында кездескен қиын жағдайға мойымай, өмірге құштарлықтың үлгісін көрсеткен жандарға қолдау көрсету облыс әкімдігінің негізгі міндеттерінің бірі болып қала береді.