
Талғар қаласында жастарға арналған сужаңа заманауи орталық ашылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін облыс әкімдігінің қолдауымен дәл осындай ғимарат Балқаш, Кеген, Райымбек, Қарасай аудандарында бой көтерген. Сондай-ақ Қонаев қаласы мен Іле, Ұйғыр аудандарында коворкинг орталықтар жастар игілігіне қызмет етуде. Талғардағы жаңа нысан – сол жұмыстың заңды жалғасы. Бұл орталық жастардың жан-жақты дамып, жетілуіне, тың идеяларды іске асыруына мүмкіндік береді.
Ғимарат заманауи жиһазбен, құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Орталықта түрлі кездесулер өткізуге арналған мәжіліс залы, шығармашылыққа серпін беретін коворкинг алаңы қарастырылған. Сондай-ақ мейірім мен жанашырлыққа тәрбиелейтін еріктілер клубы жұмыс істейтін болады.
Бүгінде Алматы облысында 432 мың жас бар. Оның 70 мыңнан астамы Талғар ауданында тұрады. Оның ішінде 2 мыңға жуығы NEET санатына жатады. Орталық мамандары оларға бағыт-бағдар көрсетіп, қоғаммен етене араласуына жағдай жасайды.
Осылайша жаңа орталық жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, болашағының жарқын болуына ықпал етеді.