
Алматы облысы Іле ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық акция өтті. Өтеген батыр ауылында ұйымдастырылған шараға тұрғындар, мекеме қызметкерлері мен ерікті жастар белсене қатысты. Тазалық жұмыстары барысында қоғамдық орындар, аулалар мен жол жиектері тазаланып, ағаш көшеттері отырғызылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілік сезімін нығайту және абаттандыру жұмысына жұртшылықты кеңінен тарту.
Тазалық шарасына Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов те өз үлесін қосты. «Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы – елдің экологиялық мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бұл әр тұрғынның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Тазалықты сақтау – жоғары мәдениет пен туған жерге деген жанашырлықтың көрінісі. Бірлескен еңбектің арқасында өңірімізді одан әрі көркейте түсеміз», – деді ол.
Акцияға қатысқан тұрғын Гамзи Бадриұлы: «Экологиялық шара тек тазалық жұмыстары емес. Мұның астарында үлкен тәрбие жатыр. Бұл адамдардың бір-біріне құрметпен қарап, таза ниетпен қарым-қатынас жасауына әсер етеді. Жас ұрпақ бойына елге деген сүйіспеншілік сезімін дарытады. Мұндай игі шараларға апта сайын атсалысамыз және әрқашан қолдаймыз», – деген лебізін білдірді.
Айта кетейік, Алматы облысында экологиялық шаралар жүйелі түрде жүргізіледі. Ал Іле ауданында жыл басынан бері 10 мыңға жуық адам сенбілікке қатысып, 127 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 642 тонна қоқыс шығарылып, 21 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жоспарға сәйкес жалғасын табады.