Белсенді ұзақ өмір орталығына – 1 жыл: нақты нәтижелер мен жүйелі дамудың жаңа кезеңі

Белсенді ұзақ өмір орталығына – 1 жыл: нақты нәтижелер мен жүйелі дамудың жаңа кезеңі

Алматы облысында әлеуметтік саясаттың мазмұны біртіндеп нақты нәтижеге бағытталып келеді. Соның айқын дәлелдерінің бірі – аға буын өкілдеріне арналған «Белсенді ұзақ өмір орталықтарының» жүйелі жұмысы. Бұл бастама жай ғана әлеуметтік қолдау емес, егде жастағы азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді саясаттың бір бөлігіне айналып отыр.

Қарасай ауданындағы осындай орталық 2025 жылдың 16 сәуірінде Ұмтыл ауылдық мәдениет үйі базасында ашылған еді. Бір қарағанда қарапайым әлеуметтік нысан болып көрінгенімен, уақыт өте келе оның қоғам үшін маңызы айқындала түсті. Өйткені мұнда зейнет жасындағы азаматтар бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, денсаулығын нығайтып, қоғамдық өмірге қайта араласуға мүмкіндік алды.

Орталық жұмысының тиімділігі нақты көрсеткіштерден-ақ байқалады. Алғашқыда 65 адам тіркелсе, бүгінде бұл сан 121. Бұл – халық тарапынан сұраныстың артқанын және жобаның өміршеңдігін көрсететін маңызды көрсеткіш.

Бір жылдық мерейтой аясында өткен шаралар да орталық қызметінің мазмұнын аша түсті. Ең бастысы – мұнда келушілер тек көрермен емес, белсенді қатысушыға айналған. Олар ұйымдастыру ісіне араласып, өз бастамаларын ұсынуда. Бұл – орталықтың негізгі мақсатының орындала бастағанының белгісі.

Мерекелік күн еңбек терапиясы бағытындағы “Қолдан туған құндылық” көрмесімен басталды. Қатысушылардың қолынан шыққан бұйымдар олардың шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін көрсетті. Кейін концерттік бағдарламаға ұласқан шарада күй күмбірлеп, ән шырқалып, би биленді. Сонымен қатар, орталықтың бір жылдық жұмысын қорытындылаған бейнематериал ұсынылды.

Бүгінде мекеме 11 бағыт бойынша тұрақты қызмет көрсетеді. Алғаш келген азаматтардың денсаулық жағдайы мен әлеуметтік белсенділігі төмен болғаны жасырын емес. Көпшілігі цифрлық технологияларды қолдануда қиналып, қоғамнан оқшауланып қалған еді. Алайда жүйелі жұмыстың нәтижесінде жағдай айтарлықтай өзгерген.

АҚарасай аудандық “Белсенді ұзақ өмір орталығы” филиалының кеңесшісі Аңса Дүйсенбай
- бір жылдың ішінде қызмет алушылар арасында жаңа әлеуметтік байланыстар қалыптасып, олардың қоғамдық өмірге қатысу деңгейі артты. Ең маңызды жетістіктердің бірі – цифрлық сауаттылықтың өсуі. Қатысушылар смартфон, мессенджерлер мен бейнеқоңырауларды еркін меңгеріп, заманауи ақпараттық кеңістікке бейімделе бастаған. Бұл біздің ұжым үшін үлкен жетістік.

Бұл өзгерістер – тек статистика емес, нақты адамдардың өміріндегі оң бетбұрыс. Әрбір жаңа дағды, әрбір жаңа байланыс – олардың өмір сапасын арттыруға жасалған қадам.

Қорыта айтқанда, Қарасай ауданындағы «Белсенді ұзақ өмір орталығы» бір жылдың ішінде әлеуметтік жобадан нақты нәтиже беретін тиімді алаңға айналды. Мұнда әр көрсеткіштің артында – адам тағдыры тұр. Ал сол тағдырлардың жақсаруы – атқарылған жұмыстың басты өлшемі.