
Шонжы ауылындағы аудандық кітапхана жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде заманауи талаптарға толық сай келетін нысанға айналды. Кітапхана жаңа технологиялармен жабдықталып, оқырмандарға қолайлы жағдай жасалды.
Ғалия Тоқабаева, Алматы облыстық Орталық әмбебап кітапханасының директоры: «Ұйғыр ауданында, Шонжы ауылында үлкен аудандық кітапхананың модернизациядан өтіп жатқанын бәріміз көріп отырмыз. Жалпы облыс бойынша бұл – екінші кітапхана. Былтыр мұндай жоба Қонаев қаласында жүзеге асса, биыл Шонжыда жалғасын тапты. Алдағы уақытта, келесі аптада Қарасай ауданындағы Жандосов ауылында және Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылдық кітапханаларында да осындай жаңғыртылған нысандар ашылады».
Жаңартылған кітапхана тек кітап оқитын орын ғана емес. Мұнда балаларға арналған бөлімдер, оқу залдары, сондай-ақ жастарға арналған коворкинг орталығы жұмыс істейді.
Мақсат Кенешов, Алматы облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры: «Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Осы жерде олар өздерінің шығармашылық идеяларын дамытып, жаңа бастамаларын жүзеге асырып, тіпті бизнес жобаларын да қолға ала алады. Мұндай орталықтар жастардың мақсаттарына жетуіне жол ашады».
Кітапхананың жаңаруы аудан тұрғындары үшін үлкен серпін болып отыр. Енді бұл нысан түрлі мәдени және білім беру шаралары өтетін маңызды орталыққа айналады. Аудандық кітапхана қоры 68 мыңнан астам кітаптан тұрады, қазіргі таңда 10 мың оқырман тіркелген. Жалпы кітапханада 39 қызметкер еңбек етеді, оның ішінде 29-ы – кітапханашы.