Қанат Есболатов Қонаев қаласындағы бірқатар нысандарды аралады

Қанат Есболатов Қонаев қаласындағы бірқатар нысандарды аралады

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов Қонаев қаласындағы инфрақұрылым нысандарының жағдайымен және даму барысымен танысты.

Алдымен ол «Көшпенділер қалашығына» табан тіреді. Туристер санының артуына байланысты қауіпсіздік шараларын күшейту, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ тұрақты полиция және медициналық пункттер орналастыру тапсырылды.

Бұдан кейін Қанат Болатұлы солтүстік жағалауға барып, жедел-құтқару жасағының жұмысымен танысты. Төтенше жағдай қызметі өкілдерінің мәліметінше, бөлімшенің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылған: түнгі уақытта ұшуға арналған ұшқышсыз ұшу аппараттары, су көліктері, сондай-ақ заманауи сүңгуір жабдықтары бар. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар есебінен қосымша гидроскутерлер сатып алу мәселесі қарастырылуда.

Сапар барысында солтүстік жағалаудағы коммуналдық жағажайды жаңғырту жобасы да қаралды. Әкімнің бірінші орынбасарына тиісті жоба таныстырылып, нәтижесінде жауапты мамандарға қысқа мерзім ішінде құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісу тапсырылды. Сонымен қатар Қанат Есболатов №6 және №7 жағажайларда болып, қазіргі таңда қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Жоба аясында көше жарығы тіректерін ауыстыру, бейнебақылау жүйелерін орнату, қоқыс жәшіктері, балалар және спорт алаңдары, санитарлық тораптар, шағын бизнес нысандары мен көлеңкелі шатыр орнату, сондай-ақ инженерлік инфрақұрылымды жаңарту көзделген.