
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай Халық Республикасына барған сапарында Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында білім алып жатқан қазақ студенттерімен кездесті.
Биылғы оқу жылында облыс әкімінің қолдауымен және екі ел арасындағы меморандум негізінде Шыңжаң университетінде 27 түлек тегін білім алуда. Ал өткен жылы 30 түлектің тізімі ұсынылып, олардың 12-сі грантқа ие болған.
Марат Елеусізұлы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің стратегиялық достығы арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа белеске көтерілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде соңғы жылдары Алматы облысы Қытайдың бірқатар провинцияларымен экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттарда бірлескен жобаларды жүзеге асырып келеді. Әсіресе жастардың сапалы білім алуына ерекше көңіл бөлінген.
«Қазіргі таңда облысымыздың үздік түлектеріне арналған «Алатау дарыны» бағдарламасы іске қосылды. Оның басты мақсаты – дарынды жастарды анықтап, олардың шетелдің үздік оқу орындарында білім алуына, кәсіби тұрғыда жан-жақты дамуына жол ашу. Бағдарлама аясында білім алып, ертең елге оралатын білікті мамандардың алғашқы буыны – өздеріңіз. Туған жерде сіздерді ауқымды жұмыс пен зор мүмкіндіктер күтіп тұр. Өңірімізде академиялық және ғылыми қалашық қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының және Қытай Халық Республикасының ірі университеттерінің филиалдарын ашу жоспарлануда. Бұл нысандар қытай тілін жетік меңгерген, заманауи технология мен халықаралық менеджментті игерген кәсіби мамандарды қажет етеді. Сондықтан сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болу – уақыт талабы», – деді облыс әкімі. Сондай-ақ шетелде оқу үлкен мүмкіндік қана емес, зор жауапкершілік екенін айтып, студенттерге ізгі тілеген арнады.
Жүздесу барысында Шыңжаң медициналық университетінің 2-курс студенті Інжу Тұражан білім беру сапасы кәсіби дамуына үлкен әсерін тигізіп жатқанын айтты. «Қытайдың медицина саласында білім беру деңгейі жоғары. Өзім стоматология мамандығында оқып жатырмын. Университетіміздің материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай. Ондағы морфологиялық корпус, заманауи зертханалар, цифрлық кітапхана мен симуляциялық орталық өз салаңды терең меңгеруге мүмкіндік береді. Профессор-оқытушылар құрамы – өз ісінің нағыз білгірлері. Бізге тек теориялық білім беріп қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде қолдануды үйретті. Халықаралық медицинаның соңғы жетістіктерінен хабардар етті. Қазақстан студенттері ретінде біз өз мәдениетімізді, дәстүрімізді таныстырып, екі ел арасындағы достық байланысты нығайтуға тырысудамыз», – деді грант иегері.
Өңір жастарының әлемнің үздік оқу орындарында білімін жетілдіруіне алдағы уақытта да қолдау көрсетіледі. Биыл 45 талапкерге Шыңжаң, Цинхай, Шаньдун университеттері тегін оқу гранттарын ұсынып отыр. “Алатау дарыны” бағдарламасымен шетелде оқыған жастар кейін елге оралып, Алматы облысының дамуына үлес қосады.