
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қытай Халық Республикасына іссапары кезінде «Xinjiang Commercial Logistics (Group) Co., Ltd.» компаниясының басшысы Шэнь Цзиншэнмен кездесті. Аталған компания сауда және логистика саласында зор әлеуетке ие. «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асыруға үлкен үлес қосып келеді.
Кездесу барысында екі жақты сауда-экономикалық байланыс, транспорттық-логистикалық инфрақұрылым, халықаралық тасымалдау, логистиканы цифрландыру және агроөнеркәсіп өнімдерін экспорттау мәселелері талқыланды.
Өз сөзінде Марат Елеусізұлы компанияның қарқынды дамуын жоғары бағалайтынын атап өтті. Алматы облысы Қытай мен Орта Азия арасындағы негізгі транспорт жолдарының қиылысында орналасқанын, Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданы үшін стратегиялық маңызды серіктес екеніне тоқталды.
«Достық қарым-қатынастың арқасында Алматы облысы мен Қытай елі арасындағы тауар айналымы жылдағы дәстүрге сай жоғары деңгейін сақтап келеді. Соңғы үш жыл ішінде тауар айналымы тұрақты түрде 1 млрд АҚШ долларынан асты. Бүгінгі таңда облыста Қытай капиталының қатысуымен 143 кәсіпорын жұмыс істейді. Біз сауда-экономикалық байланысты әрі қарай нығайтуға үлкен мән береміз», – деген аймақ басшысы екі жақты байланыстың маңызды бағыттарына тоқталды. Айтуынша, ең алдымен транспорттық-логистикалық инфрақұрылымды дамыту маңызды. Бұл бағытта Алматы облысында заманауи логистикалық орталықтар, қойма кешендері мен мультимодальды хабтар құру көзделіп отыр. Сонымен қатар халықаралық тасымалдау саласындағы байланысты арттыруға басымдық берілді. Атап айтқанда, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» бағытындағы маршруттарды дамыту, құрғақ порттар мен шекарадағы өткізу пункттерінің мүмкіндігін тиімді пайдалану арқылы транзиттік әлеуетті арттыру жоспарланған. Одан бөлек, логистиканы цифрландыру, яғни заманауи технологиялар мен платформаларды енгізу арқылы жүк тасымалдауды басқару және электронды сауданы дамыту да негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырылды.
Аймақ басшысы Алматы облысы Қазақстандағы ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі екенін айтты. Экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай және халықаралық нарыққа шығару үшін компанияның логистикалық және сауда мүмкіндігін пайдалануға мүдделі екенін жеткізді.
Іссапар барысында облыс делегациясы «XINJIANG COMMERCIAL LOGISTICS (GROUP) Co., Ltd.» компаниясының төрт еншілес кәсіпорнымен танысты. Оның құрамына жоғары технологиялық жабдықтармен айналысатын «Xinjiang Machinery Research Institute Co., Ltd.,» жеміс-жидек пен орман өнімдерін шығаратын «Xinjiang Fruit Industry Group», сапа стандарттары мен өнеркәсіптік сараптаманы жүргізетін «Xinjiang Standard Testing and Certification Company Limited», сондай-ақ халықаралық құрғақ порт логистикасы бағытында жұмыс істейтін Шыңжаң компаниясы кіреді.
Жүздесу нәтижесінде халықаралық тасымалдау саласында Қазақстандағы ірі компаниялардың бірі «Atasu Group» пен Шыңжаң халықаралық құрғақ порт компаниясы құны 270 млн доллар тұратын меморандумға қол қойды. Бұл бірлескен жобаларды іске асыруға, ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтуға жол ашады.