Алматы облысы «Жер сағаты» акциясына қатысады

Алматы облысы «Жер сағаты» акциясына қатысады

Бүгін Қазақстанда «Жер сағаты» жаһандық экологиялық акциясы өтеді. Бұл бастамаға Алматы облысы да қатысады. Жергілікті уақыт бойынша сағат 20:30 бен 21:30 аралығында өңірдегі 55 ғимараттың жарығы өшіріледі. Олардың қатарында Алматы облысының, бірқатар аудан мен қала әкімдігінің ғимараты мен кәсіпорындар да бар, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жыл сайын өткізілетін акция дүниежүзілік жабайы табиғат қорына қамқорлық көрсетуді көздейді. Ал биылғы тақырыбы елдегі экотуризмді дамытуға бағытталған. Игі шара табиғат әлеміне бей-жай қарамай, жарық пен тұрмыстық электр құралдарын бір сағатқа өшіруге шақырады.

Айта кетейік, «Жер сағаты» акциясына бүкіл әлем бойынша 2 млрд-тан астам адам, 180 елден 7 000 қаланың тұрғындары қатысады. Биыл әлем бойынша 19-шы рет, ал Қазақстанда 17-ші рет өтеді. Акцияның мақсаты – планетаның табиғаты мен ресурстарына жауапкершілікпен қарау қажеттілігіне назар аудару.