
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданындағы жастар саябағында өткен думанды Наурыз мерекесіне қатысты. Аудан тұрғындары мен қонақтарын көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, бұл әр адамның жүрегіне жылулық сыйлайтын, үміт пен сенімді арттыратын ерекше мейрам екенін айтты. Талғар ауданы облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосып отырған, табиғаты көркем, мүмкіндігі мол аймақ екенін де тілге тиек етті.
«Наурыз – қайырымдылық пен мейірімділіктің мезгілі. Біз бүгін тек мереке тойлап қана қоймай, айналамызға қамқорлық көрсетуді, өткенге салауат айтып, болашаққа сеніммен қадам басуды мақсат тұтамыз.
Биыл «Наурызнама» онкүндігі аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың барлығы ұлттық дәстүрімізді жаңғыртып, оны жас ұрпақтың санасына сіңіруге бағытталған. Бұл бастамалар өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастырып, елжандылық қасиеттерді дәріптеуге зор ықпал етеді.
Алдымызда әлі де атқарылатын ауқымды міндеттер тұр. Біз ауданның инфрақұрылымын жақсартуды, жаңа жұмыс орындарын ашуды және білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуды басым бағыт ретінде жалғастыра береміз. Әрбір бастамамыз халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс. Бірлік пен ынтымақтың арқасында біз Талғар өңірін одан әрі көркейтіп, гүлдендіріп, дамыған аймаққа айналдыратынымызға сенімдімін», – деді аймақ басшысы.
Жастар саябағына жиналған халықтың қарасы көп болды. Олар түрік, кәріс, беларусь, грек, ұйғыр этномәдени бірлестіктерінің көрмесін тамашалап, концерттік бағдарламаның куәсі болды. Алтыбақанда тербеліп, ұлттық ойындардан жарысқа түсіп, домбырада күй төгілткен жандардың өнеріне тәнті болды.
Марат Елеусізұлы сондай-ақ Талғар ауданындағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, мерекемен құттықтап, арнайы сыйлық табыстады.
«Ақ жол-М» оңалту орталығындағы балалардың өнеріне көзайым болып, ізгі тілегін арнады. Ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды тәрбиелеп отырған аналарды қолдау орталығына да барып, қиындыққа мойымай, талмай еңбек етіп жүрген жандарға ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта да әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Осылайша аймақ басшысы дүбірлі мереке Әз-Наурызды көппен бірге атап өтіп, әлеуметтік қолдау шараларын да назардан тыс қалдырған жоқ.