Парламент Алатау қаласына арнайы мәртебе беру туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарады

Парламент Алатау қаласына арнайы мәртебе беру туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарады

2026 жылы 20 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.

Құжат Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауында берілген тапсырмаларына сәйкес әзірленіп, Алатауды заманауи, экологиялық таза әрі технологиялық тұрғыда дамыған қала ретінде қалыптастыруға бағытталған. Заң жобасы қаланы өзіндік қаржы моделі, арнайы салық режимі және жаңартылған басқару жүйесі бар дербес экожүйе ретінде дамытуды көздейді.

Жаңа басқару моделінің негізгі тетігі – қаланың даму бағыттарын айқындайтын және мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіретін арнайы қала кеңесі болмақ. Оның құрамы Мемлекет басшысы тарапынан бекітіліп, төрағасы ретінде Премьер-Министр белгіленген.

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша,  бұл құжат Алатау қаласының жедел әрі тұрақты дамуына жағдай жасау мақсатында әзірленген.

Заң жобасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе, соның ішінде Сингапур мен Дубайдың озық үлгілері ескерілген. Бұл қалаға басқару, салық және инвестиция тарту мәселелерін өз бетінше шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық стандарттар мен техникалық регламенттерді енгізуге жол ашады.

Заң жобасы келесі бағыттарды қамтиды:

* жергілікті мемлекеттік басқару органдарының құрылымы мен өкілеттігін жетілдіру;
* цифрлық активтердің айналымын реттеу;
* төмен биіктіктегі әуе кеңістігін пайдалану және ұшу аппараттарын дамыту;
* инвестициялардың қорғалуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету;
* арнайы салық режимін және ерекше бюджет қатынастарын қолдану.

Қазіргі таңда жалпы құны 1,8 трлн теңге болатын 44 инвестициялық жоба бар. Оларды іске асыру шамамен 30 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ұзақ мерзімді перспективада, 2050 жылға дейін, қала инфрақұрылымын дамытуға шамамен 10 трлн теңге қажет болады. Сонымен қатар 50 млрд АҚШ долларына дейін шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр.

Инновациялық көліктерді енгізуге ерекше көңіл бөлінген. Олардың қатарында аэротакси мен жүк дрондарын іске қосу, Алатауды Алматы, Қонаев қалаларымен және туристік аймақтармен байланыстыратын вертопорттар салу, сондай-ақ әуе көлігін пайдалану арқылы туристік бағыттарды дамыту бар. Болашақта туристер Алматы халықаралық әуежайы арқылы «Медеу» спорт кешеніне жедел жету мүмкіндігіне ие болады.

Заң жобасының екінші оқылымы 2026 жылдың 27 наурызында өтеді. Ай соңына дейін құжатты Мемлекет басшысының қарауына беру жоспарланған.

Бұл бастама Алатауды инвестициялар мен инновациялар тартатын жаңа орталыққа айналдырып, оны тұрақты даму мен тиімді мемлекеттік басқарудың заманауи талаптарына сай қала ретінде қалыптастыруға мүмкіндік береді.