Кемертоған ауылында су құбырын жаңғырту жобасы іске асырылуда

Кемертоған ауылында су құбырын жаңғырту жобасы іске асырылуда

Алматы облысында инженерлік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қарасай ауданы Кемертоған ауылындағы су құбыры жүйесін жаңарту және жаңғырту – осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі.

Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылында халық саны өсіп келеді. Қазіргі таңда 12 мыңнан астам тұрғын мен 3 200-ден астам үй бар. Әсіресе солтүстік бағытта жаңа тұрғын үйлердің қарқынды салынуы инженерлік желілерді жаңғыртуды талап етеді, өйткені бұрын бұл аудандарда коммуналдық инфрақұрылым болмаған.

Жоба бойынша су құбырының негізгі нысандарын салу және жаңарту жоспарланған. Атап айтқанда, екі су алу ұңғымасын бұрғылау, сондай-ақ әрқайсысы 1 400 текше метр көлемінде екі таза су резервуарын салу көзделген. Тәулігіне орта есеппен 2 400 текше метр су керек. Сондай-ақ жалпы ұзындығы шамамен 185 шақырым болатын су құбыры желілерін салу қарастырылған. Бұл тұрғындардың жер учаскелеріне дейін сапалы ауыз суды жеткізуге мүмкіндік береді.

Жобалық-сметалық құжаттама 2023 жылы әзірленіп, 2024 жылы желтоқсанда мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған. Жобаның жалпы құны – 4,8 млрд теңге. Тапсырыс беруші – Қарасай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі.

Жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен қаржы тарту шаралары жасалған. Қажетті бюджеттік өтінімдер тиісті министрлікке жолданғанымен, қолдау алынбаған. Кейін қаржыландыру мәселесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына берілген.

Бюджет заңнамасын ескере отырып, ауыл елді мекендерінің негізгі инфрақұрылым жобалары, соның ішінде су құбыры жүйесі көбіне жергілікті бюджет есебінен қаржылануы қажет. Осыған байланысты Энергетика және су ресурстарын басқару басқармасы жобаны аймақтық деңгейде іске асыру үшін қаражат бөлуді бастады.
Бүгінгі таңда құрылыс жұмысын бастауға 1 млрд 438 млн теңге қаражат бөлінген.

Жоба іске асырылса, Кемертоған ауылы тұрғындарын сапалы және қолжетімді ауыз сумен қамтамасыз етеді, санитарлық-гигиеналық жағдайды жақсартады және өңірдің инженерлік инфрақұрылымын дамытуда маңызды қадам болады.
Жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.