
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында шұғыл түрде жеткізілген науқасқа күрделі ота сәтті жасалды. Дәрігерлер оған қолқа аневризмасының жарылу қаупімен асқынған жедел аорталық синдром диагнозын қойды. Сонымен қатар, ішкі ағзалардың қанмен қамтамасыз етілуі бұзылып, төменгі аяқта сыни ишемия дамыған.
Шұғыл түрде дәрігерлер консилиумы өтіп, хирургиялық араласу туралы шешім қабылданды. Мамандар аневризманы алып тастап, заманауи тамырлық протезді қолдана отырып, аорто-сандық бифуркациялық шунттау операциясын жүргізді.
Дәрігерлердің үйлесімді жұмысының арқасында аневризманың жарылу қаупі жойылып, науқастың жағдайы тұрақтандырылды. Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтіп, екі аптадан соң науқас қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды.
Барлық тексеру мен емдеу міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүргізілді.