
Алматы облысында республикалық референдумға ерекше белсенділік танытқаны - Райымбек, Кеген және Балқаш аудандарының тұрғындары.
Қазақстан Республикасындағы Республикалық референдумды өткізу жөніндегі Орталық комиссияның деректері бойынша, өңір тұрғындарының 71,46 пайызы дауыс беруге қатысты. Алматы облысында бір миллионнан астам адамға сайлау құқығы берілген, олардың 700 мыңнан астамы сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасады.
Алыс аудандардағы тұрғындардың белсенділігі айтарлықтай болды. Нарынқол, Кеген және Балқаш аудандарында тұрғындардың 90 пайыздан астамы дауыс берді, бұл өңірдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Референдум заңнамамен белгіленген талаптарға сәйкес ұйымдастырылып өтті. Барлық сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіп сақталып, комиссия жұмысы ашық жүргізілді, дауыс беру барысында ешқандай бұзушылық тіркелген жоқ.