
Еңбекшіқазақ ауданында республикалық референдум аясында дауыс беру жалғасуда. Осы ретте жергілікті тұрғындар тарихи маңызы зор оқиғаның қасиетті Рамазан айымен және «Наурызнама-2026» жалпыұлттық онкүндігінің екінші күні – Қайырымдылық күнімен тұспа-тұс келуін ерекше символдық мәнге ие деп атап өтті.
Өзара көмек пен қайырымдылық күніне орай жанашыр тұрғындар мұқтаж отбасыларға барып, қолдау көрсетуде. Қайырымдылық акциясына мемлекеттік мекемелер, жеке кәсіпорындар, этномәдени бірлестіктер, депутаттар мен кәсіпкерлер белсенді қатысуда.
Аудан жастары да шет қалмай, «Марафон добрых дел» акциясы аясында ауызашар уақытына бірнеше минут қалғанда референдум учаскелерінде жүрген ораза ұстаған тұрғындарға құрма мен су таратуды ұйымдастырды. Адамдарға ауыз ашуға арналған шағын жиынтықтар ұсынылып, дер кезінде қолдау көрсетілді. Қарапайым көрінгенімен, бұл игі іс әлеуметтік көмек пен рухани бірліктің маңызды көрінісіне айналды. Ораза ұстаған сайлаушылар мұндай қамқорлықты ерекше жылы қабылдап, ортақ іске деген бірлік пен жанашырлықты сезінді.
Айта кету керек, бұл қайырымдылық акциясы еріктілер мен жастардың бастамашылдығы мен әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын үлгісі болды. Олар өздерінің белсенді азаматтық ұстанымын айқын көрсетті. Жобаға қатысқан жастардың айтуынша, елдің дамуына қатысты маңызды үдерістерге қатысу олар үшін аса маңызды. Өздері де игі іске үлес қосқандарына қуанышты екенін жеткізді. Ал жергілікті тұрғындар олардың назар аударып, қолдау көрсеткеніне алғыс білдіріп, мұндай қамқорлықтың ораза ұстаған жандар үшін ерекше маңызды екенін атап өтті.
Еңбекшіқазақ ауданында өткен Қайырымдылық күні өзара көмек пен ізгілікке негізделген нақты іс-шараға айналып, референдумды шынайы халықтық мерекеге ұластырды.