
Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары республикалық референдумға қатысу барысында ұлттық символдар мен бейнелерден шабыт алып, креативті көзқарас танытуда.
Есік қаласындағы №123 сайлау учаскесінде дауыс беру барысында тұрғындардың назарын ерекше қатысушы аударды - Қазақстан тарихы мен мәдениетінің маңызды символдарының бірі саналатын Алтын адам бейнесіндегі азамат. Қала тұрғыны сайлау учаскесіне «Алтын адам» бейнесінде сәнделген костюммен келіп, мерекелік көңіл-күй сыйлап, жиналғандардың қызығушылығын тудырды.
Акцияға қатысушының айтуынша, оның таңдауы елдің болашағына өз үлесін қосуға деген ұмтылыстан туындаған.
- «Мен ең дұрыс жолды таңдадым - өз елімнің болашағына бейжай қарамай, оның дамуына белсенді қатысу. Менің ата-бабаларым да кезінде маңызды шешімдер қабылдаған, мен олардың аманатына адал болуға тырысамын. Бүгін дәл “Алтын адам” бейнесін таңдағаным да кездейсоқ емес. Бұл бейне халқымыздың тарихын айшықтап, жерлестерімнің бойында мақтаныш сезімін оятып, ұлттық рухты нығайтады», — деді ол.
Осындай бастамалар дауыс беру үдерісіне ерекше атмосфера сыйлап, өңір тұрғындарының азаматтық жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді. Көпшілік үшін референдумға қатысу тек маңызды қоғамдық-саяси оқиға ғана емес, сонымен қатар ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұраға деген құрметті білдірудің бір көрінісі болды.