Қонаев қаласында Көрісу күні кеңінен атап өтілді

Қонаев қаласында Көрісу күні кеңінен атап өтілді

Қазақстанда Наурыз мейрамы он күн бойы тойланады. Мерекелік онкүндіктің шымылдығын Көрісу күні ашады. Бұл күн - адамдардың бір-бірімен қауышып, ақжарма тілектер айтып, ізгі ниеттерін білдіретін ерекше дәстүрлі күн. Көрісу күні халық қыстан аман-есен шыққанына қуанып, бір-бірімен көрісіп, жаңа жылда береке мен молшылық тілейді.

Қонаев қаласында Көрісу күніне арналған іс-шаралар салтанатты түрде өтті. Қалалық Мәдениет үйінің алдына облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары жиналды. Алаң ұлттық киім киген адамдарға толып, домбыраның қоңыр үні мен қазақтың дәстүрлі ән-күйлері шырқалды.

Мерекелік шара барысында Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ануар Үмбеталиев қатысушыларды құттықтап, ұлттық дәстүрлерді сақтау мен оны келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.

- "Біз ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлерімізді көздің қарашығындай сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуіміз қажет. Наурыз - жаңа жылдың бастауы, жаңару мен жаңғырудың символы. Бүгін де, келешекте де бұл мереке кеңінен тойланып, дастархан жайылып, ақсақалдардың батасы алынатын берекелі күн болсын. Елімізде әрдайым бейбітшілік, денсаулық пен амандық болсын", - деді ол.

Мереке аясында қонақтарға арнап көрме ұйымдастырылып, онда суретшілер көктем, қазақтың салт-дәстүрлері және туған жердің көркем табиғатына арналған туындыларын ұсынды. Әрбір шығарма ұлттық мәдениетке деген құрмет пен халықтың бай рухани мұрасын бейнеледі.

Ұлттық киім киген балалар да көпшіліктің назарын аударды. Жас қатысушылар дәстүрлі зияткерлік ойын - тоғызқұмалақ ойнап, шахматтан да өзара бақ сынасты. Ал жасөспірімдер күш пен ептілікті қажет ететін ойындарда өнер көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді.

Сонымен қатар халықтық қолөнер алаңы ерекше қызығушылық тудырды. Мұнда аға буын өкілдері ұлттық қолөнер дәстүрлерін таныстырып, жүн иіру, құрт жасау, ұлттық ою-өрнек кестелеу тәсілдерін көрсетті. Бұл шеберлік сабақтары жастарға ата-баба мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беріп, ұрпақтар сабақтастығын нығайта түсті.

-«Қала тұрғындарын Көрісу күнімен құттықтаймын. Біз үшін ұлттық дәстүрлерімізді жас ұрпаққа көрсету және жеткізу өте маңызды. Олар қазақ халқының мәдениетін танып, оны сақтап қалуы тиіс, - деді Шеңгелді ауылындағы «Әжелер» ансамблінің мүшесі Жақсылық Үксүкбаева.

Мерекенің әсерлі сәттерінің бірі - «тұсау кесу» рәсімі болды. Сәбидің өмірдегі алғашқы нық қадамдарын білдіретін бұл салтты Ануар Үмбеталиев атқарды. Ал құрметті ақсақал Қартбаба Момбеков сәбиге ақ жол, мықты денсаулық және бақытты ғұмыр тілеп, бата берді.

Мерекелік бағдарлама барысында қонақтар домбырамен орындалған күйлерді тыңдап, ұлттық музыканың әсем әуеніне куә болды. Домбыраның күмбірлеген үні алаңды ерекше рухани атмосфераға бөлеп, қазақ халқының бай музыкалық мұрасын тағы бір мәрте айшықтай түсті.

Қонаев қаласында өткен Көрісу күні мерекесі Наурыздың ұлттық дәстүрлерді жаңғыртып, адамдарды біріктіретін, мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізетін маңызды мереке екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл күні әрбір қатысушы қазақ халқының ғасырлар бойы сақталған салт-дәстүрлерінің жылуын сезінді.