
Облыс әкімі төрағалығымен құқықбұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдары мен прокуратураның өкілдері, тиісті басқармалар басшылары, сондай-ақ аудан және қала әкімдері онлайн режимде қатысты.
Күн тәртібінде электронды темекінің заңсыз айналымын болдырмау, ақша бопсалау фактілерін алдын алу, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қаралды. Облыстық полиция департаментінің бірінші орынбасары Бағдат Әшімов аймақтағы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейінің төмендегенін хабарлады, алайда шешілмеген мәселелердің де бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, құқық бұзған балалардың жартысына жуығы алдын ала есепте болмаған, бұл білім беру ұйымдарында девиантты мінез-құлықты ерте анықтау жұмысының жеткіліксіздігін көрсетеді. Сонымен қатар, тәуекел топтарымен жұмысты тиімді жүргізу қажеттігіне назар аударылды.
Облыстық білім басқармасының міндетін атқарушы Ақмарал Әтенбекова кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтарды алдын алу кешенді тәсілді қажет ететінін айтты. Приоритетті міндеттердің қатарында мектеп психологтарының жұмысын жетілдіру және жергілікті атқарушы органдар мен білім ұйымдары арасындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту көзделген.
Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімі Қонаев қаласының әкімдігіне, аудан әкімдеріне, облыстық полиция департаментіне және білім басқармасына жүйелі шараларды әзірлеу мен іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, биылғы жылдың бірінші тоқсанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық комиссияның алғашқы отырысы өткізілді. Жиында ветеринариялық станса қызметі, жер қатынастары саласы және бюджеттік процестердің ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу шаралары қаралды.
Облыс әкімі сыбайлас жемқорлықпен күрес әр мемлекеттік қызметкердің жауапкершілігі екенін және ол барлық деңгейде жүйелі әрі нәтижелі жүргізілуі қажет екенін атап өтті.