Қазақстан республикасының жаңа конституциясының жобасын талқылау бойынша кеңес отырысы өтті

Қазақстан республикасының жаңа конституциясының жобасын талқылау бойынша кеңес отырысы өтті

Облыс әкімдігінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың қатысуымен жаңа Конституция жобасы талқыланды. Аталған алқалы отырысқа облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов, ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары және қоғамдық құрылымдардың жетекшілері қатысты.

Кеңес барысында Марат Әзілханов Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның жұмысына жан-жақты тоқталып, жаңа заң жобасының ел дамуындағы маңыздылығын атап өтті.

- «Ынтымақ пен бірегейлік – мемлекеттілікті қалыптастырып, нығайтудың, дамытудың маңызды тетігі. Мұны татулық пен келісім саясаты дәлелдеді. Ассамблея құрылғаннан кейінгі алғашқы жылдарда ел этностарының мүдделерін білдіруді көздесе, қазір ол мақсат пен міндет тұтастығын көздейтін азаматтық қағидатында, сондай-ақ ортақ біріктіруші құндылықтар негізінде этностарды біртұтас халық ретінде одан әрі интеграциялау жұмысын жалғастырып келеді. Жалпы, елімізде татулық пен келісім саясатын іске асыруға Ассамблеямен қатар барлық орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес бірлестіктер тартылған. Осы жылдар ішінде Қазақстанда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың заңнамалық, мемлекеттік-басқарушылық, қоғамдық және басқа да институционалдық тетіктері құрылды. Бұл тұрғыда Алматы облысы өте өнімді жұмыс атқарды. Ал жаңа Конституциялық жобадағы «Халық кеңесі» секілді алаңның құрылуы қоғамдағы өзекті мәселелерді кең ауқымда талқылауға, консенсусқа негізделген шешімдер қабылдауға және түрлі этностар мен әлеуметтік топтардың мүдделерін институционалдық деңгейде ескеруге мүмкіндік береді» – деді Марат Алмасұлы.

Кеңес отырысында жаңа Конституция жобасын өңірдегі этномәдени бірлестіктер бірлесе талқылап, қоғамдық ұйым өкілдері өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қоса қатысушылар жаңа Конституция жобасындағы Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы бойынша бірқатар ұсыныстар және қоғамдық келісімді нығайтуда ел азаматтарының ортақ жауапкершілігі екенін айтысты. Кеңеске қатысқан өңіріміздің этномәдени бірлестік жетекшілері жаңа заң жобасын қолдайтындықтарын білдірді.