Алматы облысы жастарының шетелде жұмыс істеуге мүмкіндіктері артты

Алматы облысы жастарының шетелде жұмыс істеуге мүмкіндіктері артты

Қонаев қаласында жастарға бағытталған көші-қон мәселелері бойынша кездесу өтті. Жиынды Мансап орталығы мен Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM / UN Migration) ұйымдастырды. Мұндағы негізгі мақсат - азаматтардың шетелге шығуына заңды түрде дайындығы мен саладағы маңызды ақпараттармен бөлісу.

Кездесу барысында қатысушыларға қолжетімді бағдарламалар, виза талаптары, еңбек көші-қонының кезеңдері, сондай-ақ адам құқықтар мен міндеттер талқыланды. Мамандар заңсыз жұмысқа орналасудың қауіптері мен адам саудасының алдын алу жолдарына да ерекше тоқталды. Шара аясында Халықаралық көші-қон ұйымының ұлттық бағдарлама қызметкері Светлана Бекмамбетова сөз сөйлеп, IOM-ның Қазақстандағы қызметі туралы баяндады.

Аталған кездесу екі сессиядан тұрады. Бірінші сессияда шетелге шығу алдындағы дайындықтың негізгі аспектілері қарастырылды. Қатысушылар құжаттарды рәсімдеу, жұмыс берушіні тексеру жәнк еңбек шартын оқу бойынша кеңес алды. Екінші сессия интерактивті ойынға негізделген тренинг түрінде өтті. Онда нақты өмірлік жағдайлар талқыланып, қауіпсіз шешім қабылдау дағдылары пысықталды.

Жалпы елімізде шетелде жұмыс істеуге дайындық орталықтары ашылып, көші-қон қызметтері кезең-кезеңімен цифрландырылып жатыр. Бұл азаматтарға құжат рәсімдеу мен кеңес алу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Мұндай ақпараттық кездесулер жастардың саналы шешім қабылдауына, заңсыз көші-қонның алдын алуға және шетелге шығу кезінде өз құқықтарын қорғауға ықпал етеді.

Аталған кездесу — жастар мен тұрғындардың қауіпсіз еңбек көші-қоны туралы білімін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Ақпараттанған азамат - қорғалған азамат. Сондықтан мұндай бастамалар қоғам үшін аса өзекті.