Іле ауданындағы Өтеген батыр ауылында тұрғын үй кезегінде тұрған 60 азаматқа жаңа пәтер кілттері табысталды

Іле ауданындағы Өтеген батыр ауылында тұрғын үй кезегінде тұрған 60 азаматқа жаңа пәтер кілттері табысталды

Баспаналар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген ипотекалық нисиеге берілді. Аталған жобаның негізгі мақсаты — тұрғын үй қолжетімділігін арттыру, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік қолдауды қажет ететін топтарға көмек көрсету.

Пәтер алушылардың қатарында Іле ауданынан бөлек Талғар, Еңбекшіқазақ, Кеген, Жамбыл, Ұйғыр, Қарасай аудандары мен Қонаев, Алатау қалаларының да тұрғындары бар.
Бағдарламада әлеуметтік жағынан осал азаматтарға, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жандар мен мемлекеттік, бюджеттік ұйым қызметкерлері, көпбалалы отбасыларға ерекше басымдық берілген.

– "Тұрғындарды баспанамен қамту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Іле ауданы бойынша тұрғын үй кезегіне 5443 адам тіркелген. Оның ішінде көпбалалы отбасылар – 1878, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары – 1993, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалар – 807,
бюджеттік қызметкерлер 765 азаматты құрайды.  2025 жылы әлеуметтік осал топтағы жандарды баспанамен қамту үшін 269 үй мен пәтер сатып алынды. Биыл Өтеген батыр ауылында 72 пәтерді аталған  тұжырымдама аясында беру  және әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 36 пәтер сатып алу жоспарда бар", – деді Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов.

Жаңа пәтерге ие болған Сәрсенгүл Назарбаева: «Үй кезегіне көпбалалы ана ретінде тәркелдім. 15 жыл бойы сабырмен күтіп, өз баспанама қол жеткіздім. «Отбасы» банк арқылы 5 пайызбен 14 жылға несиеге алдық. Айына 130 мың, ал кейін 123 мыңнан төлейтін боламыз. 4 қыз, 1 ұлым болғандықтан үш бөлмелі пәтер бұйырды. Сапасы көңілімізден шықты.
Көмегін аямай, қамқорлық көрсеткен әкімдікке алғысым шексіз, – деген лебізін білдірді.