
2023–2025 жылдар аралығында Алматы облысында 240 автобустың 113-і жаңартылып, бұл жалпы автобус паркінің 47 пайызын құрады. Тек 2025 жылдың өзінде өңір маршруттарына 36 жаңа автобус шығарылды. Аталған шаралар бірнеше жыл бойы тұрғындар үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып келген жолаушылар тасымалы саласындағы қордаланған проблемаларды жүйелі түрде шешуге бағытталған жұмыстардың бір бөлігі саналады.
Жоспарлы жаңғырту басталғанға дейін қоғамдық көлік саласындағы жағдай автобустардың тозу деңгейінің жоғары болуымен және көлік қолжетімділігінің біркелкі еместігімен күрделене түскен еді. 2023 жылға дейін автобус паркін соңғы жаңарту 2018 жылы жүргізіліп, ол Қонаев қаласында небәрі 11 автобуспен шектелген. Бұл қарқынды дамып, аумағы кең өңірдің қажеттілігін толық қамтуға мүмкіндік бермеді. Әсіресе, ішкі ауданаралық бағыттар мен шалғай ауылдық елді мекендерде мәселе өткір сезіліп, қоғамдық көлік көп жағдайда жалғыз қатынас құралы болып қалды.
2023 жылдан бастап облыста автобус паркін жаңартудың кезең-кезеңімен жүзеге асатын тетігі қалыптастырылды. 2023 жылы тасымалдаушылар өз қаражаты есебінен 33 автобус сатып алса, 2024 жылы 44 автобус жаңартылды, оның 27-сі жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында алынған. Ал 2025 жылы тағы 33 автобус жаңартылып, олардың барлығы да жеңілдетілген қаржылық құралдар арқылы сатып алынды. Бұл тәсіл бір реттік сатып алулардан тұрақты жаңғырту моделіне көшуге мүмкіндік берді.
Автобус паркін жаңарту тек техника санын арттыруды ғана емес, сонымен қатар жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуды көздейді. Жаңа автобустар маршруттардағы іркілістерді азайтып, жолаушылар қауіпсіздігін арттыруға және елді мекендер арасындағы көлік қатынасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге, әсіресе қарбалас уақытта, оң ықпалын тигізеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылы да жалғасын табады. Алматы облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2026 жылы тағы 31 автобус жаңарту жоспарланып отыр. Оның ішінде 11 автобус ағымдағы жылдың қаңтар айында-ақ сатып алынған.
2026 жылға арналған жоспарларды қалыптастыру кезінде әлеуметтік жүктемесі жоғары маршруттарға және бұрын көлік қолжетімділігі бойынша қиындықтар тіркелген бағыттарға басымдық берілуде. Негізгі мақсат - тозығы жеткен автобус паркінің үлесін кезең-кезеңімен азайтып, маршруттық желінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.
Автобус паркін жаңғыртуды жолаушылар тасымалы саласындағы жүйелі мәселелерді шешуге және Алматы облысы тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді шешім ретінде қарастырылуда.