Алматы облысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы талқыланды

Алматы облысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы талқыланды

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен өңір активімен кездесу өтіп, онда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы кеңінен талқыланды. Жиынға қала және аудан әкімдері, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен азаматтық қоғам мүшелері қатысты.

Кездесуді ашқан облыс әкімі негізгі мақсат – Ата Заң жобасында көзделген өзгерістерді жан-жақты талқылау екенін атап өтті. Сондай-ақ тұрғындарды конституциялық реформа барысынан хабардар етіп, азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығына тоқталды.

Жиын барысында ағымдағы жылдың қаңтар айында еліміздің әр өңірі мен түрлі әлеуметтік топ өкілдерінен құралған 130 адамдық Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылғаны айтылды. Комиссия азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстарды зерделеп, жаңа Конституцияның жобасын әзірлеген.

Алматы облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Қуат Байғожаев реформаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына негізделгенін жеткізді. Оның айтуынша, бірпалаталы Парламент құру идеясы Президенттің 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында көтеріліп, саяси жүйені кешенді жаңғыртуға және жасанды интеллект дәуіріндегі әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін беруге бағытталған.

Сондай-ақ аталған бастамаларды іске асыру мақсатында ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері қатысқан жұмыс тобы құрылғаны айтылды. Азаматтар e-Otinish және eGov порталдары арқылы екі мыңнан астам ұсыныс жолдаған. 2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы атқарылған жұмысты қорытындылап, алдағы өзгерістердің негізгі бағыттарын айқындады.

Қуат Байғожаевтың сөзінше, Комиссия Конституцияның барлық бөлімін қамтитын 77 бапқа өзгеріс енгізуді қарастырған. Бұл құжат мәтінінің 84 пайызын құрайды. Өзгерістер адамға бағдарланған мемлекеттік саясатты күшейтуге, қоғамдық құндылықтарды нығайтуға және саяси институттардың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітіледі. Ел бірлігі, ынтымақ, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, егемендік пен аумақтық тұтастық негізгі құндылықтар ретінде айқындалған. Сондай-ақ әділеттілік, Заң мен Тәртіп қағидаттары, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелері қамтылып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі ретінде танылады.

Құжатта білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны, цифрландыруды дамыту және азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау басты бағыттар ретінде көрсетілген. Мемлекет пен дін арасындағы қатынастар нақты айқындалып, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты сақталады. Неке ер мен әйелдің тең құқықты, ерікті одағы ретінде белгіленген.

Негізгі жаңашылдықтардың қатарында 145 депутаттан тұратын, пропорционалды жүйе бойынша бес жыл мерзімге сайланатын бірпалаталы Парламент – Құрылтай құру, заң шығару бастамасы құқығы бар жоғары консультативтік орган – Халық Кеңесін қалыптастыру, сондай-ақ қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайтын Вице-президент институтын енгізу бар.

Сонымен қатар Конституцияда алғаш рет адвокаттық қызмет пен зияткерлік меншікті қорғауға қатысты жеке нормалар бекітіліп, азаматтардың құқықтық кепілдіктері күшейтіледі. Атап айтқанда, бір құқықбұзушылық үшін қайта жауапқа тартуға тыйым салу, кінәсіздік презумпциясын сақтау және ұстау кезінде құқықтарды міндетті түрде түсіндіру («Миранда ережесі») енгізіледі.

Жиынды қорытындылаған Қуат Байғожаев жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқарудың заманауи қағидаттарына сай келетінін, Қазақстанның халықаралық беделін арттырып, адами капиталды, білім мен ғылымды дамытуға басымдық беретінін атап өтті. Құжаттың жаңа редакциясы жалпыұлттық референдумға шығарылып, Комиссия жұмысы жалғасады.

Кездесу соңында облыс әкімі ішкі саясат басқармасына, қала және аудан әкімдеріне, барлық басқарма мен департамент басшыларына кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды. Халықпен кездесулер, еңбек ұжымдарындағы ашық диалогтар, Қоғамдық кеңестер мен азаматтық қоғам алаңдары ұсынылған өзгерістердің мәні мен олардың күнделікті өмірге әсерін терең түсіндіруге бағытталуы тиіс.

«Ақпараттық жұмыс мазмұнды әрі тек ресми және сенімді дереккөздерге сүйенуі керек. Бұқаралық жалған пікірлер мен бұрмаланған ақпараттарға жедел жауап беріп, кәсіби сарапшылар мен заңгерлерді тарту маңызды. Осындай жүйелі жұмыс қана азаматтардың саналы таңдау жасауына мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Марат Сұлтанғазиев.