Қонаевта нашақорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Қонаевта нашақорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Қонаев қаласында нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың ведомствоаралық штаб отырысы өтті. Жиынға өңір басшылығы, аудан әкімдері және салалық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Отырыста 2025 жылдың қорытындылары қаралып, жастар арасында нашақорлықтың таралуына жол бермеу және алдын алу шараларын күшейту мәселелері кеңінен талқыланды. Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда есірткі заттарын тарату көбіне интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылуда. Осыған байланысты заңсыз онлайн контентке және күмәнді қаржылық операцияларға бақылау күшейтілген.

Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде өткен жылы облыс аумағында 11 тоннаға жуық түрлі есірткі заттары тәркіленіп, синтетикалық есірткі дайындайтын екі жасырын зертхана жойылған. Сонымен қатар есірткі қылмысына қатысы бар төрт кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды.

Жиын барысында өңір басшысы бұл мәселені шешу үшін барлық сала өкілдерінің бірлескен жұмысы қажет екенін атап өтті.

Марат Сұлтанғазиев,
Алматы облысының әкімі:

«Полиция департаменті, прокуратура, білім басқармасы, жастар саясаты саласы – бәрі бірлесе жұмыс істемесе, бұл проблема жойылмайды. Біз көбіне тек сатушылармен айналысып келеміз, ал тұтынушылармен жүйелі жұмыс жеткіліксіз. Бұл – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барлық мектептердің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және ата-аналардың ортақ міндеті».

Әкімнің айтуынша, әсіресе білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмысты күшейту маңызды. Осы орайда мектептер мен колледждерде түсіндіру шараларын тұрақты өткізу, жастар мен жасөспірімдерді кеңінен қамту, сондай-ақ интернет пен әлеуметтік желілердегі есірткі жарнамаларына қарсы бақылауды арттыру тапсырылды.

Штаб отырысының қорытындысы бойынша нашақорлықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі екені атап өтілді. Алдағы уақытта мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары, ата-аналар мен қоғамдық бірлестіктердің бірлескен жұмысы күшейтіліп, жастарды зиянды әдеттерден қорғауға бағытталған кешенді шаралар жалғасын таппақ.