
Алматы облысында Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысына арналған «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫ – ТАБЫСТЫ ЕЛДІҢ ТІРЕГІ» атты салтанатты іс-шара өтті. Іс-шараның мақсаты – еңбек адамына құрмет көрсету, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және кәсіби шеберлігімен, адал еңбегімен көзге түскен азаматтарды марапаттау.
Бүгінде Алматы облысындағы әрбір бесінші оқушы жұмысшы мамандығын тұрақты жұмыспен қамтылу мен кәсіби дамудың саналы таңдауы ретінде қарастырады. Бұған ауқымды кәсіби бағдар беру бағдарламалары мен мектеп–колледж–еңбек нарығы арасындағы жүйелі байланыстың қалыптасуы ықпал етті.
Іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық мәслихат депутаттары, білім беру ұйымдарының басшылары, колледж директорлары, еңбек ардагерлері, кәсіпкерлер, халықаралық грант иегері атанған студенттер, сондай-ақ WorldSkills Kazakhstan республикалық чемпионатының жүлдегерлері қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген өңір басшысы еңбек адамына қолдау көрсету тақырыптық жыл аяқталғаннан кейін де өңірлік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін атап өтті.
«Білікті маман мен еңбекқор азамат экономиканың стратегиялық маңызы бар тірегі болып табылады. Сондықтан еңбек адамына қолдау жүйелі түрде жалғасын табады», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Өңірде бүгінде 41 колледж жұмыс істейді, онда шамамен 22 мың студент білім алуда. Кадр даярлау еңбек нарығының сұранысына бағытталған: 950 студент жұмыс берушілердің өтінімі бойынша оқиды, 60 оқушы аттестатымен қатар колледж дипломын қатар алуда. 19 колледж дуальды оқыту жүйесі бойынша 238 кәсіпорынмен ынтымақтастықта жұмыс жасайды, 23-тен астам компания колледждерге шефтік қамқорлық көрсетуде.
«Гидротехникалық мелиорация», «Лифт шаруашылығы және эскалаторлар», «Қашықтықтан басқарылатын авиациялық жүйе», «Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану», «Жиһаз өндірісі» сынды жаңа мамандықтар ашылды.
Халықаралық ынтымақтастық та дамып келеді: 32 бірлескен іс-шараның нәтижесінде 35 студент пен 14 педагогты Қытай еліне тағылымдамадан өткізу жоспарлануда.
Студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда облыста 16 жатақхана жұмыс жасайды, ал биыл жалпы құны 6 млрд теңге болатын, 711 орынға арналған тағы 4 жатақхананы пайдалануға беру көзделген.
Жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігі республикалық деңгейде де расталды: WorldSkills Kazakhstan X чемпионатында Алматы облысының өкілдері 12 жүлделі орынға ие болды.
Іс-шара аясында марапаттау рәсімі өтті. Атап айтқанда:
– «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен 2 адам;
– Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасымен 11 адам;
– Алматы облысы әкімінің Алғыс хатымен 9 адам;
– WorldSkills Kazakhstan чемпионатының 13 жүлдегер студенті марапатталды.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Жұмысшы мамандықтары жылының қорытындысы еңбек адамына жасалған қолдаудың нақты нәтижелер беріп отырғанын және жұмысшы кәсіптердің Алматы облысы жастары үшін болашағы зор, сұранысқа ие таңдау екенін айқын көрсетті.