Райымбек ауданы 90 жылдығын мәдени-спорттық іс-шаралармен атап өтуде

Райымбек ауданы 90 жылдығын мәдени-спорттық іс-шаралармен атап өтуде

Алматы облысының агроөнеркәсіп пен мал шаруашылығы дамыған өңірлерінің бірі – Райымбек ауданы құрылғанына 90 жыл толуын кең көлемде атап өтуде. Мерейтой аясында аудан аумағында онға жуық мәдени-спорттық іс-шара ұйымдастырылуда.

Райымбек ауданы облыстағы жетекші аграрлық өңірлердің қатарында. Агроөнеркәсіп саласындағы жылдық бюджет көлемі 46 миллиард теңгеден асады. Сонымен қатар, соңғы жылдары туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Өткен жылы ауданға шамамен 25 мың турист келген.

Мерейтойлық іс-шаралардың ашылу салтанатында сөйлеген аудан әкімі Дастан Құдабаев 90 жылдық жоғары деңгейде өтетінін атап өтті.

– «Мерейтойға орай спорттық, мәдени-көпшілік және туристік бағыттағы бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Соңғы жеті жылда ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы айтарлықтай жақсарды. Мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп келеді: инфрақұрылым дамып, мектептер мен ауруханалар салынуда, жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда. Бұл туризмнің дамуына да оң әсерін тигізді. Ауданда бекітілген туристік маршруттар бар. Алматы облысының әкімі қолдауымен биыл сол бағыттарға асфальт жолдар төселеді. Қажетті бюджет толық бекітілді», – деді аудан әкімі.

90 жылдық мерейтой аясында он күнге созылатын он түрлі іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл күндері ауданда фестивальдер, форумдар, концерттер, шығармашылық кештер, айтыс, пресс-тур және өзге де шаралар ұйымдастырылады. Алғашқы шара ретінде денсаулық фестивалі өтті. Онда көңілді спорттық ойындар, шана жарысы, шаңғы жарыстары және басқа да белсенді ойындар қамтылды.

Фестиваль барысында көрермендердің ерекше қызығушылығын шаңғы жарысы тудырды. Бұл сайыста Сарыжаз ауылының 60 жастағы тұрғыны Жанболат Сұлтанғазиев тағы да топ жарды. Ол өз жас санатында бірнеше жылдан бері көш бастап келеді. Спортшы республикалық жарыстар мен Президент кубоктарында да жүлделі орындардан көрініп жүр. Қыста күнделікті 20-30 шақырым аралығында шаңғымен жаттығу жасайды.

– «Біздің ауылда тұрғындардың 70 пайызы шаңғы тебеді. Өзім бұл спортпен 30 жылдан бері айналысып келемін. Қыс түсе төрт ай бойы күн сайын шаңғыға шығамыз. Жеті жастағы балалардан бастап, жетпістегі қарияларға дейін бар. Соңғы 15 жылда бірінші орынды ешкімге бермедім, алдағы уақытта да сол деңгейде қалуға ниеттімін», – деді Жанболат Сұлтанғазиев.

«Спорт – ұлт денсаулығының кепілі» атты фестиваль қорытындысы бойынша Сарыжаз ауылы бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Қарасаз ауылы, үшінші орынды Нарынқол ауылдық округі жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудан әкімінің кубогы, медальдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.