
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Еңбекшіқазақ ауданына барды. Аймақ басшысы сапар барысында мемлекеттік және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігіне, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарындағы жөндеу жұмыстарының сапасына, сондай-ақ оларды пайдалануға беру мерзімдерінің сақталуына баса назар аударды.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі ауданның бірнеше елді мекенін аралап, білім беру, мәдениет және төтенше жағдайлар саласындағы бірқатар нысандардың жай-күйімен танысты. Сонымен қатар өңірде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың барысы пысықталды. Іссапарға аудан әкімі Талғат Байеділов, оның орынбасарлары мен тиісті салалық бөлім басшылары қатысты.
Алдымен Марат Сұлтанғазиев Шелек ауылындағы модельді кітапхананы көрді. Қазіргі уақытта жалпы аумағы 524,4 шаршы метр болатын мәдениет нысанында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2025 жылдың ақпан айында басталған, оның құны 450 миллион теңгеден асады. Мердігер ұйым – Consulting Company KZ. Бүгінде ғимараттың қасбетін әрлеу, сыртқы жөндеу, аумақты абаттандыру және технологиялық жабдықтарды жеткізу жұмыстары жалғасуда. Нысанның дайындық деңгейі 80 пайызды құрайды.
Облыс әкімі кітап қорының көлемін нақтылап, ауылдық кітапханалардың әлеуметтік маңызын атап өтті. Оның айтуынша, кітапханалар ауыл тұрғындарының қоғамдық өміріне серпін беріп қана қоймай, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтауда да маңызды рөл атқарады.
Аудандық кітапхананың директоры Дариға Жанәбілова аудан аумағында 21 филиалды қамтитын кітапхана желісі жұмыс істейтінін жеткізді. Оның ішінде шалғай ауылдардағы кітапханалар да бар. Шелек модельді кітапханасы жаңа форматта жұмыс істеп, мұнда коворкинг орталығы да ашылады. Кітап қоры 90 мыңнан астам данадан тұрады, оның жартысына жуығы мемлекеттік тілдегі әдебиеттер. Қордың басым бөлігін тарихи-өлкетану, ғылыми-ақпараттық және көркем әдебиеттер құрайды.
Жұмыс сапары одан әрі Шелек ауылындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Ғимарат 1962 жылы салынған, ал 2011 жылы күрделі жөндеуден өткен. Көрермен залы 250 орынға есептелген, мекемеде 7 қызметкер жұмыс істейді.
Мәдениет үйінің директоры Ринат Бековтың айтуынша, мекемеде домбыра, вокал, би, шахмат, дойбы және өзге де бағыттар бойынша 10 үйірме тұрақты түрде жұмыс істейді. Өткен жылы аудандық мәслихатпен бірлесіп, мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 100 миллион теңге көлемінде өтінім берілген. Аймақ басшысы бұл мәселе жан-жақты қарастырылып, қаржы бөлу мүмкіндігі белгіленген тәртіпке сәйкес шешілетінін айтты.
Келесі кезекте облыс әкімі Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінде болды. Мұнда 2025 жылдың наурыз айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталатыны хабарланды. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылдың қыркүйек айына жоспарланған. Қазіргі уақытта оқушылар Абай атындағы орта мектепте екінші ауысымда білім алуда.
Жобаның бастапқы құны 4,5 миллиард теңгені құраса, жобалық шешімдерге енгізілген өзгерістерге байланысты қаржы көлемі 5,1 миллиард теңгеге дейін ұлғайған. Мектеп директоры Маруп Ысқақовтың айтуынша, қаржыландыру толық қамтамасыз етілген, ал 400 орындық үш қабатты жаңа оқу корпусы бекітілген кестеге сай салынуда. Жаңа ғимаратта оқу және әкімшілік кабинеттер, асхана, спорт және акт залдары орналасады. Корпус негізгі ғимаратпен жабық галерея арқылы қосылады.
Айта кетейік, өткен жылы мектеп аумағында 1955 жылы салынған апатты жағдайдағы шағын оқу ғимараты бұзылып, оның орнына екі заманауи спорт алаңы салынған. Оқушылар саны 700-ге жеткен жағдайда бір ауысымда оқыту мүмкіндігі жөніндегі сұраққа мектеп директоры жаңа корпус іске қосылған соң бұл мәселе толық шешілетінін жеткізді.
Жұмыс сапары барысында Марат Сұлтанғазиев №11 өрт сөндіру бекетінің жұмысымен де танысты. Аймақ басшысын аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Фарид Сүпиев пен жеке құрам қарсы алды. Бекетте 25 қызметкер қызмет етеді, ал техникалық парк 7 автокөліктен тұрады.
Өрт сөндіру бекетінің ғимараты 1949 жылы салынған, 2009 жылы жөндеуден өткен. Қызмет көрсету аймағына 11 ауылдық округ пен 36 ауыл кіреді. Сонымен қатар өңірде «Жетісу Вольфрамы» компаниясы мен «Азиаттық газ құбыры» ЖШС-нің ведомстволық өртке қарсы қызметтері де жұмыс істейді.
Облыс әкімі бекетті газбен жылыту жүйесіне қосу қажеттігін атап өтіп, Шелек ауылында жаңа өрт депосын салу мәселесін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арыновпен кездесуде көтеретінін айтты. Бұл мақсатқа 2 гектар жер телімі бөлінген.
Сапар барысында аймақ басшысы Шелек ауылында әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлерді де аралады. 52 пәтерлі 24 тұрғын үйдің жалпы құны 860 миллион теңгеден асады. Үйлер пайдалануға беріліп, алдағы уақытта аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі балансына өткізілмек. Сонымен қатар ауылда 120 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы қайта жандандырылады. Қазіргі таңда Еңбекшіқазақ ауданында тұрғын үй кезегінде 6 мыңнан астам адам тіркелген.
Жұмыс сапары Қаражота ауылында жалғасты. Мұнда Марат Сұлтанғазиев «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 300 орындық жаңа мектептің жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта білім ордасында 431 оқушы оқиды. Мектеп заманауи STEM-зертханалармен, робототехника кабинеттерімен, шығармашылық сыныптармен және қауіпсіз спорт алаңдарымен толық жабдықталған. Сонымен қатар инклюзивті білім беру талаптары да толық ескерілген.
Сапар соңында Масақ ауылдық округіндегі Масақ және Нұрлы ауылдарындағы мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысы қаралды. Масақ ауылындағы мектеп те жөндеу мерзімінен бұрын аяқталып, оқушылар жақын арада жаңартылған ғимаратқа оралады. Ал Нұрлы ауылындағы мектепте жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда.
Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев барлық құрылыс және жөндеу жобаларын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Оның айтуынша, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде және үздіксіз жүргізілуі тиіс.