
Алматы облысының Кеген ауылында жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Маңызды нысанның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, ТЖД басшылығы, сала ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Өрт сөндіру депосы Қазақстан ТЖ министрлігінің стратегиялық жоспары аясында жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынған.
Ашылу рәсімінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев нысанның өңір үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
«Азаматтардың қауіпсіздігі – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын азайту жүйесін жетілдіру – стратегиялық маңызы бар мәселе. Бүгін іске қосылып отырған өрт сөндіру депосы – облыста азаматтық қорғау инфрақұрылымын жүйелі жаңғырту жұмыстарының нақты нәтижесі», – деді өңір басшысы.
Салтанатты шара барысында сөз сөйлеген ТЖМ басшысы азаматтық қорғау жүйесін нығайту, әсіресе ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздік деңгейін арттыру Мемлекет басшысы қойған басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.
- «Ауылдық жерлерде өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту - халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. Жаңа өрт сөндіру деполарының ашылуы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді», – деді Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.
Сонымен қатар министр жаңа депоға берілген заманауи өрт-құтқару техникасының, атап айтқанда өрт автоцистернасының, жедел-құтқару автокөлігінің және жол талғамайтын көліктің кілттерін салтанатты түрде табыстады.
Жаңа өрт сөндіру депосы жалпы саны 28 мыңнан астам халқы бар 12 ауылдық округ пен 34 елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Таулы аймақта орналасқан Кеген өңірі үшін жедел әрекет ету мүмкіндігі ерекше маңызды.
Ғимарат модульдік технология бойынша салынған, бұл алдағы уақытта нысанды кеңейтуге және жаңғыртуға мүмкіндік береді. Депо тәулік бойы қызмет атқаруға толық бейімделген: заманауи байланыс құралдары бар диспетчерлік пункт, екі өрт сөндіру автокөлігіне арналған гараждар, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар, ас үй және демалыс бөлмелері қарастырылған. Сондай-ақ жеке құрамның физикалық дайындығын арттыруға арналған «Batyr Team» жаттығу аймағы бар.
Өрт сөндіру бөлімшесі 21 қызметкермен жасақталған және бір мезгілде екі бағытта шығуға мүмкіндік беретін 8 арнайы техникамен қамтамасыз етілген.
Іс-шара аясында нысанның құрылысына жоғары жауапкершілікпен қатысқан азаматтар Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды. Жалпы, ТЖМ ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту, өртке қарсы қауіпсіздік жүйесін нығайту және халықтың қорғалу деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.