
Мол өнім тек күн сәулесі мен суға ғана байланысты емес. Табысты егіншіліктің басты шарты — өсімдіктерді дұрыс әрі теңгерімді қоректендіру. Тіпті ең сапалы тұқымдардың өзі қажетті қоректік заттармен қамтамасыз етілмесе, өз мүмкіндігін толық көрсете алмайды. Сондықтан арнайы биологиялық және минералды қоспаларды қолдану аса маңызды.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Саймасай ауылында сәндік өсімдіктерге, көкөніс дақылдарына, жеміс-жидек ағаштарына арналған «Агроцен» биопрепаратының өндірісі іске қосылған. Бұл өнімді отандық Kazagrocen компаниясы әзірлеген және қазіргі таңда нарықта теңдесі жоқ құралдардың бірі саналады.
Жеті жыл бұрын аталған жобаны дамытуға 700 миллион теңгеден астам инвестиция салынған. Қаражат отандық жемдік қоспалар мен минералды тыңайтқыштар өндіруге, сондай-ақ органикалық йод негізіндегі сусын концентраттарын әзірлеуге бағытталды. Қысқа мерзім ішінде кәсіпорын отандық нарықта ғана емес, ТМД елдерінде де өзін сенімді өндіруші ретінде көрсете білді. Минералды тыңайтқыштар көлемі 10 литрлік ыдыстарда шығарылады. Бүгінде компания шамамен 20 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 25 тоннадан астам өнім өндіреді.
Кәсіпорын қызметі ұрпақтар сабақтастығының нақты үлгісі болып отыр. Компанияның негізін қалаушы Иван Божков әкесі — Евгений Алексеевич Божков қалыптастырған ғылыми-өндірістік бағытты жалғастырып келеді. Ол шамамен 40 жыл бойы адам мен жануарлар ауруларының алдын алу, анықтау және емдеуге арналған йодорганикалық қосылыстар негізіндегі жаңа дәрілік препараттар мен биологиялық белсенді қоспаларды әзірлеумен айналысқан.
Йод — адам, жануар және өсімдік ағзасының дұрыс дамуы мен қалыпты тіршілігі үшін аса маңызды микроэлемент. «Стеко ЛТД» компаниясымен бірлесіп, құрамына қосымша микроэлементтер енгізілген «Агроцен» биопрепараты жасалды. Бұл құрал өсімдіктердегі йод жетіспеушілігін тез әрі тиімді толықтырып, түрлі ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады. Препараттың ерекшелігі — құрамындағы органикалық йодтың қолданылуында. Бұл тәсіл өнімнің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мөлшері артқан жағдайда да уытты әсердің болмауына мүмкіндік береді.
Препарат тұқымды егу алдында өңдеуге, сондай-ақ жапырақ арқылы қосымша қоректендіруге пайдаланылады. Соның нәтижесінде өнім көлемі артып, өсімдіктердің құрғақшылыққа, артық ылғалға, үсікке, көшет отырғызу кезінде болатын күйзелістерге және басқа да қолайсыз табиғи жағдайларға төзімділігі күшейеді. Ең жоғары тиімділік өсімдіктердің қарқынды өсу кезеңінде байқалады.
Минералды тыңайтқыштарға арналған тәжірибелік зерттеулер Новосибирск мемлекеттік аграрлық университетінің базасында жүргізілуде. Мұнда өсімдіктерді қорғау құралдары, тыңайтқыштар және өсімдік шаруашылығына арналған басқа да өнімдер зерттеледі. Сонымен қатар Алматы облысындағы жылыжай шаруашылықтарында арнайы тәжірибелік алқаптар құрылып, препарат тұқымды залалсыздандыруға арналған өңдегіш ретінде және гербицидтермен бірге қолданылатын антидепрессант ретінде пайдаланылды. Зерттеу нәтижелері өсімдік сапасының жақсарғанын және өнім мөлшерінің артқанын көрсетті. Әсіресе «Агроцен» өсімдіктердің күйзелісін төмендету мақсатында қолданылған алқаптарда нәтиже жоғары болды.
Ғылыми зерттеулер йод құрамды тыңайтқыштардың экологиялық таза, адам денсаулығына пайдалы, микроэлементтерге бай өнім — астық, жеміс және жидек алуға мүмкіндік беретінін дәлелдеді. Бұл көрсеткіштер бүгінде органикалық өнім өндіретін және экспортқа бағытталған жергілікті жылыжай кешендерінде тәжірибе жүзінде расталып отыр.
2024 жылы кәсіпорын Cert International ұйымы берген ISO 9001 халықаралық стандарты бойынша сертификаттаудан сәтті өтіп, сапа менеджменті жүйесінің халықаралық талаптарға толық сай екенін растады.
Қазіргі таңда Kazagrocen компаниясы агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытындағы жұмысын жүйелі түрде жалғастыруда. Өндіріс көлемі ұлғайып, өнім өз нарықтық орнын тапты. Осыған байланысты келесі кезеңде өндірістік қуатты арттыру жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы балықтарда кездесетін вирустық және бактериялық аурулардың алдын алуға арналған жемдік қоспалар шығаратын жаңа өндірістік желіні іске қосу, жұмыс орындарын көбейту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлерін кеңейту көзделген.
Айта кету керек, өткен жылы қазақстандық шаруалар егіс алқаптарында шамамен 2 миллион тонна минералды тыңайтқыш пайдаланған. Ал әлем бойынша соңғы бес жылда жыл сайын 190–200 миллион тонна тыңайтқыш қолданылады.
Ауыл шаруашылығы дақылдары, әсіресе жоғары өнім беретін заманауи гибридтер мен сұрыптар қоректік заттарға өте сезімтал. Сонымен қатар ауыр ауыл шаруашылығы техникасы мен химиялық өңдеулер топырақтың құнарлылығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан тұрақты әрі мол өнім алу үшін топырақтағы негізгі микроэлементтердің деңгейін қолдан толықтыру қажет. Себебі оларсыз өсімдіктердің өсуі, гүлдеуі және жеміс салуы мүмкін емес. Ал микроэлементтердің жетіспеушілігі өнімнің азаюына әкелетіндіктен, оған жол беруге болмайды.