Цифрлық мониторинг өрт санын 14 есеге азайтты

Цифрлық мониторинг өрт санын 14 есеге азайтты

Алматы облысында табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою бағытында заманауи цифрлық шешімдер кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Соның бірі – интеллектуалды бейнемониторинг жүйесі. Аталған жүйе жоғары тиімділігін көрсетіп, орман өрттерінің санын 14 есеге қысқартуға мүмкіндік берді.

Цифрлық мониторинг жүйесі Мемлекет басшысының 2023 жылғы 11 маусымдағы тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыстың бес орман шаруашылығында – Бақанас, Қаскелең, Күрті, Шелек және Қарадала аумақтарында 18 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған.

Жүйеге қосылған заманауи бейнекамералар тәулік бойы өрт қаупі жоғары аймақтарды бақылап, түтін мен от тұтану ошақтарын ерте кезеңде анықтайды. Ақпарат нақты уақыт режимінде жедел қызметтерге жеткізіліп, қауіптің алдын алуға және өрттің таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, қабылданған шаралар айтарлықтай нәтиже берген. 2022 жылы орман өрттері шарпыған аумақ 784 гектардан асса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 53 гектарға дейін қысқарған. Бұл – шамамен 14 есе аз. Мамандардың айтуынша, бейнемониторинг жүйесі ерте анықтау мен жедел әрекет ету тиімділігін одан әрі арттырады.

Өрттің алдын алу шаралары орманды қалпына келтіру жұмыстарымен де тығыз байланысты. 2021–2025 жылдарға арналған екі миллиард ағаш отырғызу жөніндегі ұлттық жоба аясында Алматы облысында 43,7 миллион ағаш отырғызылып, 19,8 мың гектар аумақ қамтылды. Орман отырғызу және тұқым себу жұмыстары 100 пайызға орындалды.

Алдағы жылдары бұл жұмыс жалғасын табады. 2026–2027 жылдары өңірде қосымша 8,9 миллион ағаш отырғызылып, 4 мың гектар жер көгалдандырылмақ.

Жаңа технологияларды енгізу мен ауқымды орманды қалпына келтіру жұмыстары табиғи өрттердің алдын алып қана қоймай, жасыл аймақтардың көлемін ұлғайтып, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.