
2025 жылы Алматы облысында халықты жұмыспен қамтуды кеңейту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Өңірдің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жанындағы Алматы облысының Еңбек ұтқырлығы орталығы жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда елеулі нәтижелерге қол жеткізді.
Ресми деректерге сәйкес, жыл басынан бері өңірде 72 541 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 58 528-і — тұрақты, 14 013-і — уақытша жұмыс орындары. Сонымен қатар, ұлттық жобалар аясында 3 363 жұмыс орны ашылды.
Жұмыссыз азаматтарды нақты еңбек нарығына тартуға да ерекше көңіл бөлінді. 2025 жылы тұрақты бос жұмыс орындарына 22 099 адам орналастырылды. Бұл көрсеткіш өңірдегі жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне айтарлықтай әсер етті.
Сондай-ақ, жұмыспен қамтуды субсидиялау бағдарламалары арқылы мыңдаған азамат жұмысқа орналасты. Атап айтқанда, бір жыл ішінде осы бағыттағы жобаларға 12 256 жұмыссыз азамат тартылды. Оның ішінде 544 адам әлеуметтік кәсіпорындарға, 918-і жастар практикасына, 7 686-сы қоғамдық-пайдалы жұмыстарға, 570-і «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 1 517-сі «Күміс жас» бағдарламасына және 38 адам «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына жолданды.
Еңбек нарығы талаптарына бейімдеу және кадр даярлау мақсатында қысқа мерзімді оқыту бағдарламалары да жүзеге асырылды. Оқу 6 колледжде және 10 оқу орталығында өткізіліп, 707 жұмыссыз азаматты қамтыды. Оқуды аяқтаған 527 адам өз мамандығы бойынша тұрақты жұмысқа орналасты.
Кәсіпкерлікті қолдаудың маңызды тетіктерінің бірі — қайтарымсыз мемлекеттік гранттар. 2025 жылы жаңа кәсіпорындарды құру және дамыту үшін 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 260 мемлекеттік грант берілді. Бұл қаржыландыру азаматтарға өз ісін бастап, тұрақты табыс көзіне қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Жалпы, атқарылған жұмыстар Алматы облысында жұмыспен қамту саясатының жүйелі түрде іске асырылып жатқанын және еңбек нарығының тұрақтануына ықпал етіп отырғанын көрсетеді.