Жамбыл ауданында отандық жиһаз өндірісі қарқын алып келеді

Жамбыл ауданында отандық жиһаз өндірісі қарқын алып келеді

Отандық жиһазға сұраныс артып келеді. Жамбыл ауданындағы іскер азаматтар жиһаз өндірісін автоматтандыру арқылы өнім көлемін ұлғайтып, сапасын жақсартуға қол жеткізуде. Соның нәтижесінде жыл сайын мыңнан астам кеңсе және үй жиһаздары өндіріліп, жұмыс өнімділігі айтарлықтай артқан.

Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында жиһаз өндірісі қарқынды дамып келеді. Үй мен кеңсеге арналған жиһаз жасайтын кәсіпкерлердің бірі – Ерен Сұраған. Ол өз ісін шағын шеберханадан бастап, биыл заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған үлкен цех ашқан. Жаңа өндіріс орнында автоматтандырылған құрылғылар орнатылып, ағашты кесу, жапсырма жасау және ою салу жұмыстары толықтай техника көмегімен атқарылады.

Ерен Сұраған, жеке кәсіпкер: «Биылғы жылдың өзінде толық жабдықталған ірі станоктар алдық. Автоматтандырылған, қауіпсіз, компьютермен басқарылатын 22 миллион теңгелік құрылғыларымыз бар. Қазірдің өзінде барлық процесс жеңілдеді. Алдағы уақытта жұмсақ жиһаз шығару үшін тағы он шақты түрлі станок алу жоспарда тұр»-дейді кәсіпкер.

Автоматтандырылған өндіріс жиһаз бөлшектерін дайындау сапасын арттырды. Бұрын қолмен атқарылған күрделі жұмыстар қазір арнайы кесу аппараттарының көмегімен жүзеге асады. Бұл өнімнің жылдам әрі дәл дайындалуына мүмкіндік беріп отыр.

Өндірістің әлеуеті жоғары. Цехта жылына мыңнан астам үй жиһазы құрастырылады. Дайын өнімнің негізгі бөлігі Атырау, Ақтау және Орал қалаларына жөнелтіледі. Жаңа технологияның енгізілуі өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, қызметкерлердің жұмысын да едәуір жеңілдеткен.

Кеңесхан Будапешт, жиһаз жасаушы: «Автоматтандырылған станоктардың басты артықшылығы – уақыт үнемделеді әрі өлшемде қателік болмайды. Жылдамдық та жоғары. Бұрын бір тақтайды жеке кесетін болсақ, қазір 4–5 қабаттап кесуге мүмкіндік бар. Жұмысымыз әлдеқайда жеңілдеді».

Сонымен қатар ауданда кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Өткен жылы Жамбыл ауданында 96 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтті. Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 32 азаматқа жалпы көлемі 50 миллион теңгені құрайтын мемлекеттік грант берілді.