
«Дипломмен ауылға» бағдарламасының негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі кадр тапшылығының алдын алу және жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету. Бүгінде бұл бастама Алатау қаласындағы білім беру мен денсаулық сақтау салаларына жас кадрларды тартуға мүмкіндік беріп отыр. Солардың бірі – №5 орта мектептің математика пәні мұғалімі Аружан Түгелбаева.
Жас маманның айтуынша, бағдарлама аясында көрсетілген қолдау олардың кәсіби дамуына ғана емес, өмірлік жоспарларын жүзеге асыруына да зор ықпал еткен.
Аружан Түгелбаева, математика пәнінің мұғалімі:
«Әрбір адамның арманы – өзінің жеке баспанасының болуы. “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы үй алғанымызға қатты қуанамыз, өйткені бұл бізге көрсетілген үлкен қолдау. Ең бастысы, бұл – жұмыс істеп жатқан жас мамандарға ең қажетті көмек пен өмірге деген мотивация. Мемлекет тарапынан бізді және жастарды қолдап жатқандарына үлкен алғысымызды білдіреміз».
Айта кетейік, былтыр Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Алатау қаласы Іле, Талғар аудандары мен Қонаев қаласының аумағындағы елді мекендердің бірігуі нәтижесінде құрылды. Қала жаңа мәртебе алғанымен, даму кезеңінің бастапқы сатысында бірқатар әлеуметтік мәселелер бар. Соның ішінде тұрғын үй бағасының өсуі жас мамандар үшін айтарлықтай қиындық туғызған.
Алатау қаласы әкімдігі бұл мәселені шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Гүлбану Несіпбаева, Алатау қаласы әкімінің орынбасары:
«2024–2025 жылдары 46 маманға баспана алуға көтерме несие берілді. Оның ішінде 8 медицина қызметкері, 38 білім саласының маманы бар. Қазіргі таңда кадр тапшылығы жоқ. Себебі ауылдық елді мекендерге қарастырылған барлық жеңілдіктер Алатау қаласында өтпелі кезеңде толық сақталды. 25 пайыздық үстемақы облыстық мәслихаттың шешімімен және облыс әкімдігінің қолдауымен қалдырылды».
Өңір басшылығының қолдауымен Ұлттық экономика министрлігі Алатау қаласы үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасын өтпелі кезеңде сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл қадам кадрлық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, білім беру мекемелерінің қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Мектеп ұжымдары да жас мамандардың келуін оң өзгеріс ретінде бағалап отыр.
Жұлдыз Сыдықова, мектеп директорының орынбасары:
«Жас болса да, білікті әрі ізденімпаз маман. Өзін әріптестер арасында жоғары деңгейде көрсете білді, өте іскер қызметкер. Осындай ауылдық және шағын қалаларға жас мамандарды тарту үшін, олардың баспаналы болуына жағдай жасау – өте орынды шешім. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз».
Қазіргі таңда Алатау қаласында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ондаған жас маман баспаналы болып, тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұл – тек әлеуметтік қолдау ғана емес, өңірдің болашағына бағытталған маңызды инвестиция. Мамандардың айтуынша, бағдарлама алдағы уақытта да ауылдар мен шағын қалалардың дамуына серпін береді.