Алматы облысында ауыл шаруашылығын дамытуға қомақты қаржы бөлінді

Алматы облысында ауыл шаруашылығын дамытуға қомақты қаржы бөлінді

Алматы облысында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. 2026 жылы өңірде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде агроөнеркәсіп кешенін қолдауға республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінді.

Атап айтқанда, республикалық бюджеттен жалпы сомасы 4 млрд теңге қарастырылды. Оның 2,5 млрд теңгесі ірі агроөнеркәсіптік кәсіпорын – «АзияАгроФуд» акционерлік қоғамына жүгеріні терең өңдеу жобасын іске асыру және заманауи жабдықтар сатып алу үшін берілді. Аталған жоба биылғы жылы іске асырылмақ. Бұл жоба өңірде қайта өңдеу саласын дамытуға, қосылған құны жоғары өнім өндіруге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында ірі ауыл шаруашылығы субъектісі «Alfalfa» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 1,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қолға алынды. Бұл жоба да 2026 жылы жүзеге асырылады. Аталған шара егіншілік саласындағы өнімділікті арттырып, су тапшылығының алдын алуға бағытталған.

Алматы облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркінбек Дауткуловтың айтуынша, ауыл шаруашылығына көрсетіліп отырған қолдау өңірдің аграрлық әлеуетін нығайтуда шешуші рөл атқарады: «Біз ауыл шаруашылығын экономиканың негізгі тіректерінің бірі ретінде қарастырамыз. Сондықтан өндірісті жаңғыртуға, қайта өңдеуді дамытуға және су үнемдеу технологияларын енгізуге басымдық беріліп отыр. Республикалық бюджеттен бөлінген қаржы нақты жобаларға бағытталып, өңірдің агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді», – деді ол.

Мамандардың пікірінше, мұндай кешенді қолдау шаралары Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтып қана қоймай, саланың тұрақты дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді.