
Алматы облысына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары келді. Халық қалаулылары өңірдегі бірқатар ауыл шаруашылығы нысандарын аралап, агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған заңнамалық өзгерістер жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сапар барысында балық шаруашылығы, жем өндірісі, алма өсіру және көкөніс сақтау инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Депутаттар Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан «Айдарбаев» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Аталған қожалық мал және балық азығына арналған түйіршіктелген құрама жем өндірумен айналысады. Былтыр ғана іске қосылған өндіріс орны тәулігіне 3 500 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Кездесу барысында «Аквамәдениет туралы» заң аясындағы негізгі нормалар талқыланып, отандық балық шаруашылығын қолдауға бағытталған мүмкіндіктер түсіндірілді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Зәкіржан Кузиев бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті:
«Қазіргі таңда Алматы және Түркістан облыстарында балық шаруашылығын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Сондықтан біз тек балық фермаларын ғана емес, жем өндірісін де қатар дамытуымыз қажет. Осында көтерілген мәселелер тиісті деңгейде қаралады. Бүгінде балық өсірушілер жемді Еуропадан алдырып отыр. Ал осындай өндірістерді қолдау арқылы салаға тың серпін беруіміз керек», – деді сенатор.
Сапар аясында халық қалаулылары «Баймене» серіктестігіне қарасты алма бағын да аралады. Кәсіпорында алманың 8 түрі өсіріледі және жыл сайын нарыққа шамамен 6 мың тонна өнім шығарылады. Кездесу барысында ауыл шаруашылығын дамыту, өнімді сақтау, өткізу және қайта өңдеу мәселелері талқыланды. Кәсіпорын өкілдері саладағы нақты түйткілдерді көтеріп, мемлекеттік қолдау тетіктеріне қатысты сұрақтарын қойды.
Серіктестіктің атқарушы директоры Рустам Аметов өндірісті кеңейту жоспарларымен бөлісті:
«Бізде 200 гектарға жуық аумақта алма өсіріледі. Сақтау қоймамыз бен шырын шығаратын цехымыз бар. Негізгі бағытымыз – өндірісті ұлғайту. Қазіргі таңда бірнеше жобамыз бар, оны жақын уақытта жергілікті атқарушы биліктің қолдауымен жүзеге асырғымыз келеді», – деді ол.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан агроөнеркәсіп мәселелерімен қатар әлеуметтік саланың да маңызын атап өтті:
«Бұл тек балық немесе алма өндірушілерге ғана қатысты мәселе емес. Жалпы халықтың әлеуметтік саласына байланысты қордаланған түйткілдер аз емес. Сол мәселелерді Үкіметпен бірде келіссөз арқылы, бірде нақты шешімдер қабылдау арқылы жүйелі түрде шешуіміз керек», – деді мәжілісмен.
Сонымен қатар депутаттар ауданда былтыр салынған заманауи көкөніс сақтау қоймасының жұмысымен танысты. Аталған қоймада көкөністің кез келген түрін ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік бар. Халық қалаулылары кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, Алматы облысының өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар алдағы уақытта да мемлекеттік қолдауға ие болатынын жеткізді.