
2025 жылғы 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні Алматы облысының медициналық ұйымдарында 17 нәресте дүниеге келді. Оның ішінде 12 ұл бала және 5 қыз бала бар.
Барлық босанулар жоспарлы түрде, төтенше жағдайларсыз өтті. Медициналық көмек тәулік бойы белгіленген стандарттарға сәйкес көрсетілді. Аналар мен жаңа туған нәрестелер дәрігерлердің бақылауында, олардың жағдайы тұрақты деп бағалануда.
Өткен жылдың жаңа жыл түні облыста 11 сәби дүниеге келген. Биыл жаңа жыл түні дүниеге келген нәрестелер саны 6 балаға артты, бұл өңірдегі туу көрсеткішінің оң динамикасын көрсетеді.
Мереке күндері Алматы облысының босану үйлері мен перинаталдық орталықтары күшейтілген режимде жұмыс істеді. Медициналық персоналдың кезекшілігі толық көлемде ұйымдастырылып, босанушы әйелдер мен жаңа туған сәбилерге уақытылы әрі сапалы медициналық көмек көрсету қамтамасыз етілді.
Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасында ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері басым бағыттардың бірі болып қала беретінін және қауіпсіз босану мен босанғаннан кейінгі күтім үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті.