
Қонаев қаласының мәдениет үйінде жыл бойы жетістіктер көрсеткен үздік спортшылар, журналистер және жас көшбасшылар марапатталды. Салтанатты шара аясында үш маңызды іс-шара біріктірілді: спорт саласындағы «Хан Тәңірі» премиясы, медиа-саласындағы «Самғау» премиясы және жастарға арналған «Заңғар» сыйлығы.
Марапаттау рәсімінде облыс тұрғындарының кәсіби жетістіктері, әлеуметтік-экономикалық дамуға қосқан үлесі және адам капиталының өсуіне ықпал еткен жұмыстары атап өтілді. Алматы облысының әкімі Марат Султангазиев құттықтау сөзінде:
«Бүгін осы залда облысымыздың дамуына үлес қосып жүрген әртүрлі саланың адамдары жиналды. Спортшылар жеңістері арқылы облыстың беделін арттырады, журналистер қоғам мен билік арасындағы ашық әрі адал диалогты қамтамасыз етеді, ал жастар жаңа бастамалар мен шешімдерді ұсынып отыр. «Хан Тәңірі», «Самғау» және «Заңғар» - кәсібилік пен табандылыққа берілген құрмет белгісі. Әрқайсысының еңбегін бағалаймыз және алдағы уақытта да қолдау көрсетеміз», — деді.
Спорт саласында «Хан Тәңірі» премиясы дәстүрлі түрде жоғары жетістіктер мен спортшыларға қолдау көрсеткен бапкерлер мен мамандардың еңбегін мойындау ретінде табысталды. 152 спортшы қаржылай сыйлықпен марапатталды. Бокс бойынша әлем чемпионатының жүлдегері Ертуған Зейнулинов:
«Боксқа 15 жылымды арнадым. Бұл тек бастамасы ғана. Алдағы уақытта да жоғары нәтижелерге жетіп, алтын медаль жеңіп алуды жоспарлап отырмын. Алматы облысының әкімі Марат Султангазиевке қолдауы үшін алғыс айтамын», — деді.
Журналистік қауымға ерекше көңіл бөлінді. Үш жылдық үзілістен кейін 2025 жылы қайта қолға алынған «Самғау» медиа-премиясы аймақтағы БАҚ рөлін қолдаудың маңызды белгісі болды. Марапатқа баспа, электронды БАҚ, телеарна, цифрлық платформалар мен блогерлер қатысты.
Лауреаттар қатарында «Огни Алатау» газетінің қызметкерлері бар. Журналист Жанар Мықтыбаева «Жылдың үздік журналисі» атанып, кәсіби тәжірибесі мен аудитория алдындағы сенімділігі бағаланды. Ол:
«Бұл марапат - команда еңбегінің нәтижесі. Әр материалдың артында әріптестердің қолдауы бар. „Огни Алатау“ газеті маған жауапкершілік пен адал журналистиканың күшті мектебін берді», - деді.
Сондай-ақ медиа-премия аясында Адина Байбак «Үздік дизайнер» атанса, «Өлке Тынысы» компаниясының директоры Кәдірбек Құныпияұлы «Жылдың үздік медиаменеджері» атағына ие болды. Лауреаттар қатарында «Алатау Арайы» газеті, Alatau News сайты және «Жетісу» телеарнасы да бар.
Жастарға арналған «Заңғар» премиясы 14-тен 35 жасқа дейінгі белсенді азаматтарды қолдауға бағытталған. Жеңімпаздарға дипломдар мен 500 000 теңгелік сертификаттар табыс етілді. «Үздік жас журналист» атанған Alataunews.kz агенттігінің тілшісі Балнұр Асанова:
«Бұл марапат облыс әкімі жүргізіп отырған жастарды қолдау және кәсіби әлеуетін дамыту саясатының жемісі»,-деп атап өтті.
Бірлескен салтанатты шара спортшылар, журналистер және жас көшбасшылар еңбегін бірдей бағалауды көрсетті. Қонаев қаласындағы марапаттау рәсімі Алматы облысының дамуына еңбегі сіңген адамдардың үлесін айқын дәлелдеді.