
Ұйғыр ауданының шалғай елді мекендерінің бірі — Тасқарасу ауылында газ құбырын пайдалануға беру салтанатты рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шара барысында жергілікті атқарушы органдар мен қоғам өкілдері тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына табиғи газ берудің басталғанын білдіретін символикалық алауды жақты.
Ауыл тұрғындарын халықтың өмір сүру сапасын едәуір жақсартуға бағытталған маңызды оқиғамен Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова құттықтады. Іс-шарада сөйлеген сөзінде ол: «Инженерлік инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңғырту — ауыл тұрғындарының тұрмыс жайлылығы мен әл-ауқатын арттырудың негізгі факторларының бірі. Бұған дейін жылыту маусымында тұрғындар көмір мен отын сатып алуға қомақты қаржы жұмсайтын. Газбен жылытуға көшу арқылы бұл мәселе толық шешіліп, тұрғындардың өмір сүру жағдайы әлдеқайда қолайлы әрі қауіпсіз болады», — деп атап өтті.
Елді мекендерді газдандыру аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де аса маңызды. Мұндай жобаларды іске асыру шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Тұрғын массивтерді, білім беру, денсаулық сақтау және өндірістік нысандарды тұрақты газбен қамтамасыз ету өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға оң ықпал етеді.
Тасқарасу ауылында 568 үй бар, онда 3 040-тан астам адам тұрады. Аудан орталығы — Шонжы ауылынан елді мекенге дейін ұзындығы 40 шақырым болатын газ құбыры тартылды. Бүгінгі таңда алғашқы 32 отбасы газ жүйесіне қосылып, табиғи газды пайдаланудың артықшылықтарын бағалап үлгерді. Қоғам өкілдері мен ауыл ақсақалдары халық үшін аса қажетті әлеуметтік маңызы бар жобаны жүзеге асырғаны үшін облыс және аудан басшылығына, сондай-ақ газ саласының мамандарына алғыстарын білдірді.
Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта өңірде 1,2 млн-нан астам адам табиғи газға қол жеткізген. Қонаев және Алатау қалаларында, сондай-ақ бірқатар өзге елді мекендерде газ құбырларының құрылысы жалғасуда, бұл мақсатқа шамамен 11 млрд теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Басым бағыттардың қатарында шалғай орналасқан Кеген және Райымбек аудандарын газдандыру мәселесі де бар.