Алматы облысында ветеринария қызметінің автопаркі 68 пайызға жаңартылды

Алматы облысында ветеринария қызметінің автопаркі 68 пайызға жаңартылды

Алматы облысында ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасуда. Облыс әкімі қолдауымен облыстық ветеринария басқармасы арқылы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» ұсынған лизингтік бағдарлама аясында ауылдық округтердің ветеринария дәрігерлеріне  71 бірлік арнайы техника — оның ішінде 62 дана «JAC T6» және 9 дана «ГАЗ 231073» автокөлік кілттері табысталды.

Бұған дейін ағымдағы жылы ветеринария бөлімшелеріне 13 автокөлік берілген болатын. Соңғы жеткізілімдерді қоса есептегенде, өңірдегі ветеринария саласының автопаркі 68 пайызға жаңартылды.

Жаңа автокөліктер ветеринария мамандарының жұмыс тиімділігін арттырып, тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет етуге, профилактикалық және эпизоотияға қарсы іс-шараларды уақытылы жүргізуге, сондай-ақ ауылдық елді мекендердегі эпизоотиялық жағдайды бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.

2025 жылы Алматы облысында ветеринария саласын дамытуға және оның материалдық-техникалық базасын жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл шаралар өңірдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына ықпал етеді.