
Алматы облысында 2025 жылы денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған соңғы жылдардағы ең ауқымды бағдарламалардың бірі жүзеге асырылды. Өңірде бір мезетте жаңа медициналық нысандар салынып, ауруханалардың материалдық-техникалық базасы күшейтіліп, жедел медициналық жәрдем қызметі кезең-кезеңімен жаңартылды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 38 медициналық нысан салу жоспарланған болатын. Оның ішінде 36 мекеменің құрылысы аяқталып, 12-сі пайдалануға берілді. Олардың қатарында дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер мен медициналық пункттер бар. Жыл соңына дейін тағы екі амбулаторияның құрылысы аяқталады. Сонымен қатар аудандық ауруханаларда, емханаларда және перзентхана бөлімшелерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен бірлесіп, лизингтік қаржыландыру тетігі арқылы әлеуметтік маңызы бар салаларға қолдау көрсетілді. Соның аясында ветеринария саласына 1,6 млрд теңгеге 71 бірлік арнайы техника — оның ішінде 62 дана «JAC T6» және 9 дана «ГАЗ 231073» автокөлік кілттері табысталды.
Медициналық ұйымдарды заманауи жабдықтармен қамтуға айрықша көңіл бөлінуде. 2025 жылы медициналық мекемелерге 347 бірлік заманауи техника сатып алуға 6,01 млрд теңге бөлінді. Олардың қатарында магниттік-резонанстық томограф, ангиограф және онкологиялық ауруларды анықтауға арналған жоғары технологиялық құрал-жабдықтар бар. Нәтижесінде медициналық ұйымдардың жабдықталу деңгейі 91 пайыздан 93 пайызға дейін артты.
Өңірде жедел медициналық жәрдем қызметін дамыту — басым бағыттардың бірі. Қазіргі таңда Алматы облысында 1 жедел жәрдем станциясы, 12 қосалқы станция және 64 ауылдық дислокация жұмыс істейді.
Бүгін жедел жәрдем қызметі 20 жаңа санитарлық автокөліктермен толықтырылды. 2026 жылдың ақпан айында дейін лизингтік қаржыландыру арқылы тағы 70 санитарлық автокөлік жеткізу жоспарланған. Бұл, әсіресе ауылдық жерлерде, шақыртуға жету уақытын қысқартып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатовтың айтуынша, жедел медициналық жәрдем қызметін жаңарту — басты басымдықтардың бірі: «Жедел медициналық жәрдем қызметі — денсаулық сақтау жүйесіндегі ең маңызды сала. Сондықтан біз медициналық нысандарды салып, оларды техникамен жабдықтаумен қатар жедел жәрдем автопаркін де кезең-кезеңімен жаңартып келеміз. Басты мақсат — кез келген елді мекенде тұрғындарға жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсету», — деді Қанат Есболатов.
Жедел жәрдем қызметінің қызметкерлері жұмыс барысы едәуір жеңілдегенін жеткізді. Облыс аудандарының бірінде қызмет атқаратын жедел жәрдем жүргізушісінің айтуынша, жаңа автокөліктер өте ыңғайлы: «Жаңа көлікпен шақыртуға жету әлдеқайда оңай әрі жылдам. Әсіресе ауылдар мен тас жолдарда тиімді. Көлік сенімді, іші жылы, қажетті жабдықтың бәрі бар — бұл науқастың өмірін сақтауда шешуші рөл атқарады».
Оң өзгерістерді өңір тұрғындары да байқап отыр. Аудандық аурухананың пациенті жедел жәрдемнің дер кезінде келіп, көмек көрсеткенін атап өтті: «Уақыт әр минутпен өлшенетін сәтте жедел жәрдемнің тез жетуі өте маңызды. Медициналық көмек те дер кезінде көрсетілді».
Сонымен қатар өңірде медицина кадрларымен қамтамасыз ету мәселесі де жүйелі түрде шешімін тапқан. 2025 жылы 80 жас дәрігер жұмысқа орналасты, ал мамандар тапшылығы 47 штаттық бірлікке дейін қысқарды. Әсіресе ауылдық жерлерде еңбек ететін медицина қызметкерлері үшін көтермеақы, тұрғын үймен қамту және өзге де қолдау шаралары қарастырылған.