Coca-Cola-ның жаңажылдық керуені алғаш рет Қонаев қаласына келді

Coca-Cola-ның жаңажылдық керуені алғаш рет Қонаев қаласына келді

24 желтоқсан күні әлемге танымал Coca-Cola компаниясының дәстүрлі жаңажылдық керуені Алматы облысының орталығы – Қонаев қаласына алғаш рет келіп, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Арнайы мерекелік нақышта безендірілген Coca-Cola фурасы қалаға кіргеннен кейін Алматы, Сейфуллин, Жамбыл көшелерімен жүріп өтіп, орталық алаңдағы бас жаңажылдық шыршаның маңына тоқтады. Керуеннің жүріп өтуі қала көшелеріне ерекше сән беріп, тұрғындардың көңілін көтерді.

Қонаев қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ақерке Жұмағазықызының айтуынша, бұл – қала үшін айрықша оқиға.
«Мұндай Coca-Cola керуені Қонаев қаласына алғаш рет келіп тұр. Қала тұрғындарын осындай қуанышқа, шаттыққа бөлегеніне қуаныштымыз. Керуен Алматы, Сейфуллин, Жамбыл көшелерімен жүріп өтіп, жұртшылыққа әдемі көңіл-күй сыйлады. Осы керуен арқылы жаңа жылдың жақындағанын сезіндік. Барша тұрғынды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын. Жаңа жыл жаңа табыс, бақыт, береке, молшылық әкелсін»,-деді ол.

Мерекелік шара барысында тұрғындар үшін ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылып, концерттік қойылымдар мен түрлі қызықты ойындар өтті. Кішкентай көрермендермен қатар, ересектер де ерекше әсер алып, мерекелік атмосфераны бірге сезінгендерін жеткізді.

«Керуенді алғаш рет өз қаламызда көру-үлкен қуаныш. Балаларымызбен бірге келіп, нағыз жаңа жылдық көңіл-күйге бөлендік», осындай шаралар қаламызға ерекше сән береді. Жаңа жылдың жақындағанын дәл бүгін анық сезіндік», – дейді қала тұрғыны

Айта кетейік, Coca-Cola жаңажылдық керуені-әлемнің көптеген елдерінде жаңа жылдың жақындағанын білдіретін символдық жоба. Биыл бұл ерекше бастама Қонаев қаласының тұрғындарына ұмытылмас әсер сыйлады.