Алматы облысының спортшылары жыл басынан бері 2 мыңнан астам медаль иеленді

Алматы облысының спортшылары жыл басынан бері 2 мыңнан астам медаль иеленді

Жыл басынан бері Алматы облысының спортшылары ел ішінде де, халықаралық ареналарда да жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысқан өңір спортшылары жалпы саны 2140 медаль жеңіп алды. Оның 778-і алтын, 628-і күміс, ал 734-і қола жүлде.

Облыс спортшылары Азия чемпионаттары мен кубоктарында 52 алтын, 23 күміс және 28 қола медаль олжаласа, әлем чемпионаттары мен кубоктарында 80 алтын, 52 күміс және 53 қола жүлдені қоржынға салды. Бұл көрсеткіштер өңір спортындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін аңғартады.

Алматы облысында бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға басымдық берілген. Қазіргі уақытта спорт мекемелерінде 25 285 спортшы тіркелген. Олар 67 спорт түрімен айналысады. Жаттықтырушылар саны 969-ға жетіп, өңірде спорттық кадрлар мен болашақ резервті даярлаудың берік негізі қалыптасқан.

Жыл қорытындысы бойынша облыста 625 735 тұрғын дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл жалпы халықтың 42,7 пайызын құрайды. Көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға артқан. Бұл өсімге «Алатау лига» мен «Жеңіс жолы» жобалары елеулі үлес қосты.

Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған «Алатау лига – 2025» жобасы аясында әрбір ауылдық округте футбол, волейбол, баскетбол және үстел теннисі бойынша әуесқой клубтар ашылды. Нәтижесінде 172 клуб құрылып, 10 мыңнан астам адам спортпен тұрақты түрде шұғылдана бастады.

Сонымен қатар балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде бокс, еркін күрес, тхэквондо, дзюдо және қазақ күресінен «Жеңіс жолы» атты кешенді жарыстар ұйымдастырылды. Бұл бастама жас спортшыларды ерте жастан бәсекелі ортаға бейімдеуге және болашақ спорттық резервті қалыптастыруға бағытталған.

Ал «Жеңіс жолы лигасы – 2025» жобасы шеңберінде 15 жасқа дейінгі (U15) жасөспірімдер арасында аудандық және облыстық деңгейде жарыстар өтті. Аталған додаға шамамен 10 мыңға жуық жас спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.