Алматы облысының делегациясы Түркиядағы ірі мыс өңдеу кәсіпорнының жұмысымен танысты

Алматы облысының делегациясы Түркиядағы ірі мыс өңдеу кәсіпорнының жұмысымен танысты

Алматы облысының делегациясы Түркия Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Конья қаласында орналасқан Eti Bakır A.Ş. компаниясының мыс өңдеу зауытын аралады. Мақсат – кәсіпорынның өндірістік әлеуетін бағалап, тау-кен металлургиясы саласындағы озық тәжірибемен танысу.

Eti Bakır A.Ş. – Cengiz Holding құрамындағы Түркияның жетекші металлургиялық компанияларының бірі. Компания қызметі мыс шикізатын барлау мен өндіруден бастап, оны байытып, металл күйінде шығаруға дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Өндіріс орындары елдің бірнеше өңірінде орналасқан, өнімдері ішкі нарыққа да, шетелге де жеткізіледі.

Зауытты аралау кезінде өндірісті өзара сабақтастыра ұйымдастыру және энергиямен қамтамасыз ету мәселелеріне баса мән берілді. Кәсіпорынның жеке энергетикалық қуаттарға сүйенуі шығынды азайтып, өндіріс қарқыны артқан жағдайда да жұмыс тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Компанияның тәжірибесі Алматы облысының өнеркәсібін дамытуда, заманауи технологияларды енгізу, шикізатты терең өңдеу және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту бағыттарында маңызды бағдар ретінде қарастырылуда. Делегация өкілдерінің айтуынша, мұндай сапарлар іскерлік байланыстарды бекітіп, өңірдің халықаралық әріптестігін нығайтуға жол ашады.