Жылысай ауылында жаңа Мәдениет үйінің салтанатты ашылуы өтті

Жылысай ауылында жаңа Мәдениет үйінің салтанатты ашылуы өтті

Кеген ауданына қарасты Жылысай ауылында ауыл тұрғындарының рухани өмірін дамытуға және шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа Мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғожаев, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нұғман, қоғам қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы Бексырға Данышпанов, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.

Салтанатты жиынға қоғамдық ұйымдардың төрағалары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, еңбек ардагерлері мен мәдениет саласының майталмандары да арнайы шақырылды.

Жаңа Мәдениет үйі ауылдың рухани-мәдени өмірінің заманауи орталығына айналып, мәдени іс-шараларды өткізуге, өнер мен шығармашылықты дамытуға, мәдениет саласындағы бастамаларды қолдауға және жас ұрпақтың талантын ашуға кең мүмкіндік береді. Бұл жобаның жүзеге асырылуы әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және ұлттық мәдени құндылықтарды сақтауға бағытталған.

Ашылу салтанаты тұрғындардың бірлігі мен ынтымағын, ортақ мақсаттарға ұмтылысын және аумақтың орнықты дамуына деген сенімін айқын көрсетті. Жылысай ауылы үшін бұл күн елді мекен тарихында маңызды белес болып, мәдени дамудың жаңа кезеңін бастады.