
Қонаев қаласында облыстың Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған «Көп тіл – бір әлем» атты іс-шара өтті. Басқосу аясында бірнеше тілді меңгерген, көптілді ортаны дамытуға үлес қосып жүрген өңір тұрғындары марапатталды.
Марапатталғандардың қатарында мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, педагог мамандар мен түрлі сала мамандары бар. Ерекше назарға түскен «Полиглот-2025» номинациясының ең жас иегері – 7-сынып оқушысы Кәусар Миятбек. Ол ана тілінен бөлек орыс, ағылшын, неміс және испан тілдерін еркін меңгерген. Өскелең ұрпақтың бұл үлгісі жастардың білім алуға және шет тілдерін игеруге деген жоғары ынтасын айқын көрсетеді.
Облыста көптілді білім беруді дамыту үшін жүйелі түрде жағдай жасалуда. «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы мен оның аудандық филиалдары заманауи материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етіліп, тұрғындарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерін тегін меңгеруге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен қатар, облыс әкімдігі мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында 27 түлек Синьцзянь университетінде грант негізінде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Студенттер оқу орнының кампусында тегін жатақханамен қамтамасыз етіледі. 2026 жылы Цинхай қаласына 10, Шаньдун қаласына 5 түлекті гранттық негізде оқуға жіберу жоспарлануда.
Іс-шара барысында Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жүргізген зерделеу жұмыстарының нәтижелері де таныстырылды. Ұсынылған деректерге сәйкес, өңірде ана тілінен бөлек төрттен астам шет тілін еркін меңгерген 120-дан астам азамат тұрады.
Жаһандану жағдайында тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, білімге, технологияға, ғылым мен мәдениетке қол жеткізудің маңызды тетігі болып табылады. «Көп тіл – бір әлем» бастамасы қоғамды ұйыстырып, өңірдің зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жоба ретінде келешекте де жалғасады.