
Алматы облысында логистика саласының қарқынды дамуы бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашып, өңірлік инфрақұрылымды нығайтып, заманауи тауар айналымы жүйесін қалыптастыруда. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Іле ауданында А санатты жоғары технологиялық қойма кешенінің бірінші кезегінің іске қосылуы болды.
Жоспарланған 36 000 шаршы метрдің ішінде 10 000 шаршы метрі пайдалануға беріліп, толыққанды жұмыс істеп тұр. Алғашқы резиденттер ұсынылған алаңдарды белсенді қолданып, барлық логистикалық процестер тұрақты түрде орындалуда. Жоба осы кезеңнің өзінде айтарлықтай экономикалық нәтиже көрсетіп отыр, ал екінші және үшінші кезектері әлі алда.
DSF Trading Co ЖШС-нің бас директоры Нурмат Сөркелов бірінші кезектің іске қосылуы өңірдегі заманауи логистикалық инфрақұрылымға деген жоғары сұранысты дәлелдейтінін атап өтті және өңір басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
«Кешеннің бірінші кезегі толық жүктемемен жұмыс істеп тұр, бұл нарықтың А санатты қоймаларға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін айғақтайды. Клиенттерімізге жүктерді сақтаудың және өңдеудің заманауи талаптарға сай жағдайлары қолжетімді, ал өңір үшін бұл – сауданың және e-commerce бағытының дамуына қосымша серпін. Алматы облысының әкімдігіне жобаны белсенді қолдағаны, соның ішінде инженерлік инфрақұрылымды жеткізу мәселелерін шешуге көрсеткен көмегі үшін ерекше алғыс білдіремін. Мұндай үйлесімді жұмыстар бізге жобаны сенімді түрде жалғастыруға мүмкіндік береді. Біз келесі кезектерді аяқтауға және кешенді жоспарға сәйкес кеңейтуге нық қадаммен жүріп келеміз», – деді Нурмат Сөркелов.
Өз кезегінде, Алматы облысының өңірлік дамыту орталығының директоры Ақжол Исақов логистика секторын дамыту облыстың экономикалық саясатындағы басым бағыттардың бірі екенін, және мұндай жобалар ұзақ мерзімді өсуге негіз қалатынын атап өтті:
«Бұл жоба Алматы облысында заманауи логистикалық инфрақұрылымның қаншалықты сұранысқа ие екенін көрсетеді. Бірінші кезектің іске қосылуы – нарыққа берілген маңызды сигнал және өңірдің әлеуетінің айқын дәлелі. Мұндай жобалар сауданың, өндірістің және экспорттық операциялардың дамуына берік негіз қалыптастырып, облыстың басты логистикалық торап ретіндегі рөлін күшейтеді», – деді Ақжол Исақов.
Құрылыс жұмыстарын келесі кезеңдерде аяқтау кешеннің қуатын айтарлықтай арттырып, өңірге жаңа резиденттер мен ірі логистикалық операторларды тартуға мүмкіндік береді. Жобаның жүзеге асуы Алматы облысының экономикалық инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосып, қосымша жұмыс орындарын ашуға, ішкі және сыртқы сауданың өсуін ынталандыруға және өңірдің елдегі жетекші логистикалық орталық ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді.