Алматы облысында сотталғандар үшін жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашылуда

Алматы облысында сотталғандар үшін жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары ашылуда

«Ендігі мақсат 100% нәтижеге қол жеткізу». 2025 жылдың 12 желтоқсанында Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.

Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Қанат Болатұлы Есболатов, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ Департаменті басшысының орынбасары, әділет полковнигі Тоқтамысов Нұржан Жалғасұлы, облыстың прокуратура өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.

Жиынның басты мақсаты – түзету мекемелерінде жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту деңгейін арттыру, олардың әлеуметтік маңызды қызметке тартылуын қамтамасыз ету, мемлекеттік құрылымдар мен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды нығайту және жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік беру болды.

Сонымен қатар, шара барысында мекемелер аумағында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің өнімдері таныстырылып, жазасын өтеушілерді кәсіби оқыту, жұмыспен қамту және мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесу мәселелері көтерілді.

Кәсіпкер Мұрат Құсайынов жазасын өтеушілерді оқыту және жұмыспен қамту жобасы аясында қазіргі уақытта 40 адамға мүмкіндік жасағанын жеткізді: «Біз оларға шұжық өндірісінде жұмыс беріп отырмыз. Сол уақытта олар оқу арқылы да тәжірибе жинайды. Оқыған соң, біздің басқа зауыттарымызға жұмысқа кіріп, кәсіби дағдыларын ары қарай жетілдіреді. Қазіргі таңда 20 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, ал тағы 20 адамды оқытамыз. Барлығы 40 адам. Сұраныс көбейген сайын жұмысқа тартылатын адамдар санын арттырамыз», - деді кәсіпкер.

Айта кетейік, жазасын өтеушілерді оқыту нәтижелері бойынша, кәсіпкерлер палатасының бастамасымен №12, №14, №57 және №10 мекемелерінде кәсіби оқыту ұйымдастырылды. Оның ішінде:

• «Azamatsha.KZ» ҚҚ - 384 адам
• Кәсіпкерлік негіздері және қаржылық сауаттылық - 100 адам
• Шаштараз ісі - 15 адам
• Визаж – 20 адам
• Сыртқы жарнама орнатушы - 55 адам
• Жиһаз жинау шебері - 194 адам
• «Зияткер» ЖШС - №10 мекемеде «Бизнес негіздері» бағыты бойынша 48 адам оқу курсынан өтті.

Бұл курстар сотталғандардың мамандық алуына және бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов сотталғандарды жұмыспен қамту - әлеуметтік маңызы зор бағыт екенін атап өтті.

«Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде соңғы бір жарым ай ішінде төрт түзеу мекемесінде 351 жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгін облыс әкімінің қатысуымен жазасын өтеуші әйелдерге арналған 100 жұмыс орнының ашылу салтанаты өтті. Жалпы, атқарылған жұмыстардың 70 % орындалды. Ендігі мақсат - барлық түзеу мекемелерінде сотталғандарды жұмыспен қамтуды 100 % жеткізу. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», - деді ол.

Тапсырманы орындау мақсатында кәсіпкерлермен ашық форматтағы диалог нәтижесінде түзету мекемелерінде бизнес жүргізу мүмкіндіктері қарастырылып, кәсіпкерлердің туындаған мәселелері мен ұсыныстары тыңдалды. Әкімдік пен құзырлы органдар өкілдері қажетті қолдау тетіктерін түсіндіріп, көтерілген мәселелерді шешу үшін нақты шаралар қабылдады.