
Фестиваль Алматы қаласының әкімдігі және «Ерекше балалардың ата-аналары одағы», «Qazaq Community Development» қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асырды.
Шараның бас демеушісі «Project Stroy and Controls» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдау көрсетті. Сонымен қатар, игі бастамаға Ерсай Дәулетқызы мен Елдос Накипов демеушілік жасап, ерекше балаларға арналған мерекенің жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.
Сонымен қатар, жиында елімізге танымал блогерлер Алия Байтугаева (@super.mamasita), Серікжан Тлеулесов (@superpapa_serik), Марат Жапаров (@marat_djaparov) және Ерсай Дәулетқызы (@yersay_hanym) қатысып ерекше қолдау көрсетті.
Іс-шара барысында Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов фестивальдің маңыздылығына тоқталды.
«Бүгін барлығымызды ортақ қуанышқа бөлеп отырған «Жүректен жүрекке» инклюзивті шығармашылық фестивалі – мейірім мен бірлікке, өзара қолдауға және мүмкіндіктер теңдігіне арналған ерекше мереке. Осы игі бастаманы жүзеге асыруға үлес қосқан Алматы қаласының әкімдігіне, Республикалық Қоғамдық Бірлестік “Ерекше балалары ата-аналар одағы” (@srodkz) және төрайымы Рауана Сагадиеваға (@rauana_psycholog), «Qazaq Community Development» қоғамдық қорына, барлық еріктілер мен серіктестерге шынайы алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, шараға ерекше үлес қосқан бас демеуші - «Project Stroy and Controls» ЖШС-не, Накипов Елдос Қазыбекұлына және Ерсай Дәулетқызына зор алғыс айтамын. Осындай игі бастамалар арқылы біз түсіністікке, мейірімге және тең мүмкіндіктерге негізделген қоғам құрып келеміз. Алдағы уақытта бұл шараны республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Қанат Есболатов.
Сондай-ақ, Қанат Болатұлы ерекше балаларға гүл шоқтарын табыстап, фестивальге қатысушыларға қолдау көрсетті. Шара аясында өнер көрсеткен әрбір балаға Алматы қаласы әкімінің орынбасары атынан арнайы алғыс хаттар мен қаржылай сыйақылар, сондай-ақ «TAMGA HOLDING» компаниясы атынан естелік сыйлықтар табысталды.
Өз кезегінде Республикалық Қоғамдық Бірлестік “Ерекше балалары ата-аналар одағы” төрайымы Сағадиева Рауана Бақтыбекқызы фестивальдің маңыздылығына тоқталды:«Бұл іс-шараны ерекше отбасыларға, соның ішінде ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға қолдау көрсету мақсатында төртінші жыл қатарынан өткізіп келеміз. Фестиваль 3 желтоқсан – Халықаралық мүгедектер күніне орай ұйымдастырылды. Біз осы арқылы қоғамда ешқандай алалау мен теңсіздік жоқ екенін көрсеткіміз келеді. Біздің балалар өздерінің ерекшеліктеріне қарамастан олимпиадаларға, шығармашылық шараларға белсенді қатысып, өнерлерін паш етіп жүр. Бүгін соның айқын дәлеліне куә болып отырмыз. Әрбір қолдау мен қошемет олар үшін өте маңызды», – деді ол.
Фестиваль қонақтарының бірі, блогер Серікжан Тлеулесов іс-шарадан алған әсерімен бөлісті:«Осындай маңызды әрі жүрекке жылу сыйлайтын шараға шақырғандарыңызға шын жүректен алғыс айтамын. Фестивальге ұлыммен бірге келдім, ол да бұл жердегі ерекше атмосфераны, балалардың өнерін көріп қатты қуанды. Әрбір баланың сахнаға шығуы – үлкен ерлік. Балалардың көзіндегі қуаныш пен сенімді көріп, ерекше әсер алдым. Барша ерекше балаларға мықты денсаулық, жарқын болашақ тілеймін. Осындай шаралар көп болса екен», – деді ол.
Сахнаға шыққан әрбір бала көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Олар батылдықтың, талпыныстың және өнерге деген шынайы құштарлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Әр баланың жүрегінде үлкен арман, ерекше талант пен шексіз қуат бар екені айқын сезілді. Ұйымдастырушылар мен қонақтар балалардың өнеріне сүйсініп қана қоймай, олардың жарқын болашағына зор сенім білдірді.